Батыс Қазақстанда заңсыз балық тасымалдаған бірнеше күдікті ұсталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Бекіре» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында су биоресурстарының заңсыз айналымына қатысты бірнеше дерекке тосқауыл қойылды.

Батыс Қазақстанда заңсыз балық тасымалдаған бірнеше күдікті ұсталды
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бір тәулік ішінде Атырау-Орал автожолы бойында, сондай-ақ елді мекендер маңында полиция қызметкерлері үш көлік құралын тоқтатты. 

Атап айтқанда, Атырау-Орал автожолының 374-шақырымында Ақжайық ауданы Чапаев ауылы маңында «Лада Ларгус» автокөлігін басқарған 1973 жылғы жүргізушінің тиісті құжаттарсыз 273,5 кг балық (табан, сазан, шортан) тасымалдағаны анықталды.

Сондай-ақ Теректі ауданы Шағатай ауылы маңында жүргізушінің «ВАЗ-2110» автокөлігімен тиісті құжаттарсыз шамамен 10 кг бекіре тұқымдас балық және 125 балық (табан, сазан) алып келе жатқаны белгілі болды.

Оған қоса Атырау-Орал автожолының бір қиылысында тоқтатылған «УАЗ» автокөлігінің салоны мен жүксалғышын тексеру барысында жалпы салмағы 28,5 кг балық және 28 келіден астам өзен шаяндары табылып, тәркіленді.

— Анықталған барлық дерек бойынша заңсыз балық аулау және су биоресурстарының айналымына қатысты баптармен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта келтірілген залалдың мөлшері анықталу үстінде. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қылмыс жасаған екі армениялық азаматтың бір жылдан кейін Ереванда ұсталғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар