Батыс Қазақстанда жол апатынан 6 адам зардап шегіп, біреуі көз жұмды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 6 адам зардап шегіп, біреуі қаза тапты.

Бір адам көз жұмды
Фото: Kazinform

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 13 наурыз күні Бәйтерек ауданы аумағында болды.

«Шамамен сағат 09.25-те Орал-Дариян жолы бойында Байқоныс ауылы тұсында «ВАЗ-2106» және KIA автокөліктері соқтығысты. Жол апаты салдарынан бір адам көз жұмды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеді. Оқиғаның жай-жапсары анықталуда», - деп хабарлады ведомстводан. 

Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, жол апатынан 6 адам зардап шеккен. Дариян ауылынан келе жатқан автокөлік жүргізушісі жолдағы шұңқырды айналып өтемін деп қарсы бетке шығып кеткен. Салдарынан Орал қаласы жақтан келе жатқан автокөлікпен бетпе-бет соқтығысқан. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі 6 адамның зардап шеккенін растады. Еуропа нәсілдес әйел жедел жәрдем жеткенге дейін қайтыс болған. 1991 жылғы ер адам көптеген дене жарақатымен Орал қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде шұғыл ота жасалуда, жағдайы ауыр.

Сондай-ақ 1994 жылғы әйел қалалық көпбейінді ауруханада жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. 1995 жылғы әйел, 2005 жылғы екі жігіт облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін қажетті медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем алуға жіберілді. 

Соңғы жаңалықтар