Батыс Қазақстанда жол инфрақұрылымына 81,7 млрд теңге салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл автожолдарды жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 81,7 млрд теңге.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында облысаралық және ауданаралық автожолдарды кең ауқымда жөндеу жөнінде қойған міндеттері шеңберінде Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын, жалпы ұзындығы 245 шақырым жолға жүргізілген реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары 100% аяқталды.
Атап айтқанда, жұмыс ұзындығы 142 шақырым «Қазталов — Жәнібек — РФ шекарасы» автожолында, сондай-ақ ұзындығы 103 шақырымдық «Өнеге — Бисен — Сайқын» автожолында жүргізілді. Бұл автожолдарды жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 81,7 млрд теңге.
Жаңартылған жолдар аудандардың облыс орталығымен тұрақты байланысын және Ресеймен мемлекеттік шекараға шығуды қамтамасыз етеді. Осы бағыттар бойындағы елді мекендерде тұратын 54 мың адам үшін Орал қаласына және басқа бағыттарға күнделікті қатынау жеңілдеді. Тауарлар мен жүк тасымалы артып, арнайы көлік қозғалысы жиілей түседі. Барлық учаскелерде алғаш рет асфальт төселді, бұл қозғалыс жағдайларын жақсартып, шалғайдағы елді мекендермен көлік қатынасының жақсартпақ.
Облыс орталығына баратын уақыт екі еседен астамға — 12-14 сағаттан 5-6 сағатқа дейін қысқарды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы алты жылда Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы, оның ішінде 12,5 мың шақырым республикалық және 18,5 мың шақырым жергілікті желі реконструкцияланып, жөнделді. Нәтижесінде республикалық желінің нормативтік жай-күйі 89%-дан 93%-ға, жергілікті желі 71%-дан 91%-ға дейін жеткізілді.
Айта кетелік ақылы жолда ақшаны қалай үнемдеуге болатыны туралы жазған едік.