Батыс Қазақстанда жол салуда қандай бағыттарға басымдық берілмек
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жол құрылысы биыл да жалғасады. Өткен жылғы жұмыс нәтижесі қандай, қаржы игерілді ме? Алда қандай бағыттарға басымдық берілмек? Мәселені Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Жергілікті жолдардың нормативтік үлесі — 56 пайыз ғана
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан мәлім еткеніндей, өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жолдарды жөндеу мен жаңарту жұмыстары аймақ тұрғындары үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыс жолдарының жалпы ұзындығы 6 183 километр болса, соның 1 349-ы — республикалық, 4 834-і — жергілікті маңызы бар жолдар.
Өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойынша 34,8 млрд теңге бөлінді. Осы қаржыға 251 км жол жөндеуден өткізілді.
Сонымен қатар елді мекендер мен Орал қаласында 14 млрд теңгеге 130 км көше жолдары жөнделді.

— Осы жобаларды іске асыру арқылы облыс тұрғындары үшін сапалы жол инфрақұрылымы қамтамасыз етілді. Көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, ауылдық аймақтардың экономикалық әлеуеті жақсарды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 52-ден 56 пайызға жетті, — дейді басқарма мамандары.
Сонымен қатар республикалық жолдар бойынша 2019 жылдан бастап жалпы ұзындығы 317 км болатын 8 жоба (күрделі жөндеу және реконструкция) жүзеге асып жатыр.
Соның ішінде Казталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының орталығын Орал қаласымен байланыстыратын автомобиль жолы күрделі жөнделгенін айтуға болады. Мұнда жалпы ұзындығы 245 шақырым жол (6 жоба) қамтылды.

2019-2023 жылдары 222 шақырымға асфальтбетон жабыны төселген болатын. Өткен жылы аталмыш автожолдың қалған 22,6 шақырымына 19,6 млрд теңге жұмсалды. Соның нәтижесінде шалғай аудандарды жалғастыратын автомобиль жолы асфальтбетон қабатымен қамтамасыз етілді.
Тағы бір маңызды бағыт — Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автожолын қайта жаңғырту (0-36 км және 108-144 км, 1 және 4-учаске) үшін екі жоба (72 км) қолға алынған еді. Жобалардың жалпы құны — 38,5 млрд теңге.
2023 жылы 8 млрд теңгеге 34,6 км жолға асфальтбетон төсеу көзделсе, ол артығымен (39,6 км) орындалды. Өткен жылы 15,99 млрд теңгеге 16,78 км автожол қайта жаңғыртылды.
Басқарма мәліметіне қарағанда, 2025 жылы 42,2 млрд теңгеге 255 км жергілікті жолдарды жөндеу жоспарлануда.
Өткен жылдан ауысқан республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолын қайта жаңғырту толықтай аяқталады. Мұның жалпы сомасы — 55,1 млрд теңге.

Сондай-ақ Самара-Шымкент (369-408 км, Сырым ауданы), Чапаев-Жалпақтал-Казталов (0-17 км, Чапаев ауылы маңы), Атырау-Орал тас жолдарын орташа жөндеу ойластырылды.
— Биыл 2024 жылдан ауыспалы жергілікті маңызы бар жолдарды толық аяқтамай, жаңа жобаларды бастамау жөнінде талап қойылды. Мұның негізгі себептері мынадай. Біріншіден, жол салушы жергілікті компаниялар саны шектеулі. Екіншіден, инертті материалдарды өзге өңірлерден (Ақтөбе, Маңғыстау облыстары) тасымалдау қиындық келтіреді, — деп хабарлады ведомстводан.
Орал-Атырау жолы орташа жөндеуден ғана өтеді
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Мардан өткен жылы облыс жолдарын жөндеуге бөлінген 43,441 млрд теңгенің толықтай игерілгенін жеткізді.
Оның айтуынша, тапсырысты орындай алмай, жосықсыз қатысушы атанған мердігерлер жоқ.
— Биыл қандай жолдарды салуға басымдылық берілетіні жөнінде айтсақ, мына бағыттарды тілге тиек етуге болады. Подстепный-Теректі-РФ шекарасы (0-36 км, 108-144 км), Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы (158-165 км), Бөкей ордасы ауданында Хан ордасы ауылына кіреберіс (0-21 км), РФ шекарасы (Самараға қарай)-Шымкент (0-16 км, көпір өткелі және 330-369 км) жолдарында жөндеу аяқталады. Соңғы жылдары жиі сөз болып жүрген Атырау-Орал автожолының 180 шақырымын орташа жөндеу жоспарлануда. Қазіргі таңда сметалық құжаттамасын есептеу жұмыстары жүргізілуде, — деп нақтылады А.Мардан.

Қос облыс орталығын байланыстыратын Орал-Атырау жолы ені тар болғандықтан жүргізушілер жол ережесін сақтамай, салдарынан жол апаты жиі болады. Мұның «өлім трассасы» атанып кетуі де тегін емес.
Осыған байланысты жолды қайта құру, жол жиегін ұзарту ойластырылғанымен бұл бағытта тек орташа жөндеу жұмысы жүргізілетіні белгілі болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұржан Қуанғалидың жария еткеніндей, 2024 жылы Орал-Атырау жолында 36 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 16 адам қаза тапты. 70-і түрлі жарақат алды.
— 2023 жылы осы жолда 29 апаттан 22 адам көз жұмып, 54-і жарақат алған еді. Яғни өткен жылы жол-көлік оқиғалары мен жарақат алғандар саны артқан. Жалпы облыстағы жағдайды айта кетсек, өткен жылы жол апаты тіпті жиілеген. 2024 жылы 1 196 (2023 жылы — 445) жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 103 адам (107) қайтыс болды. 1 760 адам (540) жарақатқа душар болды, — деді Н.Қуанғали.

724 тексеріс, 7,4 млн теңге айыппұл
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміров жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарының қадағалауда екендігін айтады.
Осы бағытта өткен жылы 724 тексеріс жүргізілсе, соның барысында 403 ақаулық анықталып, ескерту берілген. Соның ішінде 215 ақаулық жойылмаған.
Мысалы, бұған технологиялық талаптардың сақталмауы, нысан басында сапаға жауапты техникалық бақылау өкілінің болмауы (22 рет), жол жабындысының жоба бойынша геометриялық параметрлерінің ауытқуы және басқалар кіреді.
Оның сөзіне қарағанда, зертханада сыналған 2 580 жол-құрылыс материалының 667-сі, яғни 25 пайызы нормативтік құжаттамаларға сай болмай шыққан (асфальтбетон керндерінің тығыздығы, суға қанықтылығы, инертті материалдардың физикалық және механикалық сипаттары, асфальтбетон қоспасының гранулометриялық құрамы).
Нақты айтқанда, сапасы төмен немесе қолданылуы технология талаптары мен жобаға сәйкес емес.

— БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына 15 рет хат жолданып, әкімшілік хаттама толтырылды. Соның нәтижесінде мердігер және техникалық қадағалау ұйымдарында жалпы көлемі 7,4 млн теңге айыппұл салынды. Үш техникалық қадағалау инженері нысан басынан қуылды. Мердігер ұйымдар филиалдың хаттамаларына сәйкес жалпы сомасы 196 млн теңге болатын 38 мың 648 шаршы метрден астам негізгі және асфальтобетон қабаттарын өз қаражатына қайта төседі, — дейді Д.Әміров.
Бөлім басшысы филиал қызметкерлерінің мектептер мен жолшы мамандықтарына оқытатын арнаулы орта және жоғары оқу орындарына жиі баратынын сөзіне арқау етті.
Мұндағы мақсат — жоғары сынып оқушылары мен студенттерге жол саласында еңбек етудің артықшылықтарын түсіндіріп, кәсіптік бағдар беру.

Сонымен қатар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» тарапынан облыста жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында жұмыс жасайтын қызметкерлерге жыл сайын талдау жасалады.
Нәтижесінде кейбір ауданда арнайы дипломы жоқ адамдардың қызметте жүргені анықталды. Олқылықты түзету үшін Оралда дәстүрлі түрде кәсіби біліктілікті арттыру семинары өткізіле бастады.
Мекеме өкілі проблемалық мәселелердің бар екендігін жоққа шығармайды. Ең алдымен жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауға бөлінетін қаржы көлемі аз, ол жоба құнының бір пайызына да жетпейді.
— Мердігерлік ұйымдардың жүктемесі де алаңдаушылық туғызады. Өйткені бір компанияға 7-10 жобадан келеді. Соның салдарынан техника жетіспей, жұмыс барысының күнтізбелік кестелері сақталмайды. Содан келіп құрылыс-монтаж жұмыстары күздің аяғына дейін созылады. Екіншіден, мердігер ұйымдардың көпшілігінде асфальтобетон зауыты жоқ және жол зертханалары құрылыс нысанында емес, басқа жерде орналасқан, осыған байланысты асфальт төсеу технологиясы (температура) бұзылады. Үшіншіден, мердігер ұйымдардың басым бөлігі жаңадан жөнделген учаскелерді бұза отырып, ауыр жүк көтергіштігі бар техниканы қолданады. Төртіншіден, техникалық қадағалауды бір жобаға бекіту жүйесі жоқ. Бұл бір техникалық қадағалаудың бір уақытта бірнеше жобаларға бекітілуіне және соның салдарынан тиісті операциялық бақылаудың болмауына соқтырады, — дейді жол сапасының маманы.

Биыл жол саласында қандай бағыттарға басымдық берілетінін келтірумен бірге кедергілерге де тоқталдық. Бұдан жол мәселесінің күн тәртібінен түспейтіні анық аңғарылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолдар қалай салынып жатқанын жазған болатынбыз.
Бұл материалда БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша 2024 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 52-ден 58 пайызға жететіні айтылған еді.
Биылғы ақпарат бойынша бұл көрсеткіш 56 пайыздан аспаған. Бұл облыста нормативке жетпейтін жолдың әлі де баршылық екенін білдіреді.