Батыс Қазақстанда жолды күтіп ұстамағаны үшін 66 лауазымды қызметкер жауапқа тартылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта 125 мыңнан астам жол ережесін бұзушылық анықталды.

проверка дипломов
Фото: Kazinform

БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Александр Плешаковтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, осы мерзімде көлікті мас күйінде айдаған 740 жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ 9 мыңнан астамы көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзған.

Оның сөзіне қарағанда, 3 230 жүргізуші бағдаршамның қызыл белгісіне қарамастан, өтіп кеткен. 2,5 мыңдайы ұялы телефон пайдаланған. 59 мыңнан астамы жылдамдық режимін сақтамаған.

А.Плешаковтың айтуынша, оған қоса белгіленбеген жерден жолдан өткен 10 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мас күйінде рульге отырған 676 жүргізуші, ал соңғы бес жылда 10 874 адам көлік жүргізу құқығынан айырылды. Соның ішінде бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылса да, 87-сі рульге мас күйінде қайта отырған, енді оларға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

- Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жолды күтіп ұстау маңызды. Осы бағытта биыл 1 250 тексеру жүргізіліп, кемшіліктерді жою үшін ұйғарымдар берілді. Жолды күтіп ұстамағаны үшін 166 лауазымды қызметкер, соның ішінде 98 бірінші басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді А.Плешаков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда түнгі клубқа келушілерге қол жұмсаған 17 күзет қызметкері ұсталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар