«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізін құруда қазақстандық үлес 94 пайызға жетеді - министр Ә.Құсайынов
СТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің құрылуы болып табылады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәрте атап өткендей, Қазақстан ұтымды географиялық жағдайға ие және біздің аумақтағы транзиттік мүмкіндікті пайдалану елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қуатты
ынталандыратын болады. Біздің тілшімізге берген сұхбатында ҚР көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов жобаның жүзеге асырылуынан қандай нәтиже күтуге болатындығы туралы баяндады.
- Әбілғазы Қалиақпарұлы, Сіз өз сөзіңіздің бірінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізі жүзжылдықтың басында саладағы басты инфрақұрылымдық жоба болып табылатындығын айтқансыз. Оның Қазақстан экономикасы үшін маңызы неде?
- «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» мегажобасы Санкт-Петербор - Мәскеу - Төменгі Новгород - Қазан - Оренбор - Ақтөбе - Қызылорда - Шымкент - Тараз - Қордай - Алматы - Қорғас - Үрімші - Ланьчжоу - Чжэнчжоу - Ляньюньган бағдары арқылы өтеді. Ол 7,9 миллион адам, яғни еліміздегі халықтың жартысы мекен ететін 5 облыс аумағын, атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары аумағын алып жатыр. Жолдың 2452 шақырымының Ақтөбе облысында - 358, Қызылорда облысында - 817, Жамбыл облысында - 480, Оңтүстік Қазақстан облысында - 458, Алматы облысында - 339 шақырымы қайта жаңартуға жатады.
Аталмыш жобаның баламалы дәліздерден, Транссібір автожол дәлізі, Суэц арнасы арқылы өтетін теңіз жол дәлізімен салыстырғандағы артықшылығы - оның ұзындығы мен жолда жүретін уақыты болып табылады.
Теңіз дәлізін пайдалану барысында жолда жүретін уақыт 45 тәулікке дейін жетіп, «Трансібір» бойынша 14 тәулік болса, ал «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі арқылы, жолда, тәулігіне 2 жүргізуші 10 сағаттан, сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүрсе, Ляньюньгань кемежайынан еуропа мемлекеттерінің шекарасына дейін 10 тәулік шамасындағы уақытта жетуге болады.
Жоба негізгі үш бағыт арқылы, Қытай-Қазақстан; Қытай-Орталық Азия; Қытай-Қазақстан-Ресей-Батыс Еуропа бағыттары арқылы жүк тасымалдауды қамтамасыз ете алады.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысында жүргізілген зерттеулер 2020 жылға қарай жүк тасымалдаудың көлемі жылына 13 миллион тоннадан 33 миллион тоннаға дейін артып, 2,5 есе ұлғаятынын көрсетіп отыр.
Жобаның жүзеге асырылуынан болатын жалпы экономикалық нәтиженің жылдық орташа көрсеткіші инфляция деңгейінің ықпал етуін есептемегенде: жол жүру уақытын қысқартқаннан - 33,9 миллиард теңге; жол-көлік апаттары санының азаюынан - 49,9 миллион теңге; жол-көлік апаттарынан қаза тапқандар санының азаюынан - 19,3 миллиард теңге; автотасымалдау құралдарын пайдалануға жұмсалған шығынның қысқаруынан - 9,5 миллиард теңге; жалпы аймақтық өнімнің өсуіне байланысты - 82,9 миллиард теңге болады.
- Жобаны жүзеге асыру қашан аяқталады?
- Қазақстан аумағы бойынша өтетін дәліз құрылысының толықтай аяқталуы 2012 жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Жерлерді жайластыру мен топырақ құнарлығын қалпына келтіру бойынша атқарылатын жұмыстар 2013 жылдың ортасына дейін жалғасады.
- Жобаның толықтай жүзеге асырылуы үшін мемлекет тарапынан қандай шығындар қажет болады?
- Жалпы жобаның толық құны 825,1 миллиард теңгені құрайды. Осымен қатар, мемлекеттік бюджеттен ең төменгі шығындар жұмсалады.
Бұл, ақиқатында, осындай қысқа мерзім ішінде, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында елдегі экономикалық пен саяси тұрақтылықтың арқасында халықаралық қаржы институттарынан тарихи қысқа мерзімде мол қаражат алып іске асыруға мүмкіндік беріп отырғандықтан болар. Халықаралық қайта құру және даму банкі өзінің тарихында алғаш рет бір жобаны іске асыру үшін 2 миллиард 125 миллион АҚШ долларын бөлді. Аталған қаржының есебінен Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары арқылы өтетін жолдың 1062 шақырымы қайта жаңартудан өткізілетін болады. Еуропа қайта құру және даму банкі 102 шақырым ұзындықтағы «Ресей Федерациясы шекарасы (Мәртөк) - Ақтөбе» аумағын 180 миллион доллар көлеміндегі несиемен қамтамасыз етті. Азия даму банкі Жамбыл облысындағы 303 шақырымға созылатын аумаққа үш траншпен қоса, 702 миллион АҚШ долларын бөлді. Ислам даму банкі Жамбыл облысында 172 шақырым ұзындықтағы аумаққа екі траншпен қоса, 394 миллион доллар көлемінде қаржы ұсынды.
Республикалық бюджеттен жалпы ұзындығы 304 шақырым болатын дәліздің жеке аумақтарының құрылысы үшін, сондай-ақ қосымша қаржыландыру үшін 136,1 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. 301 шақырым қашықтыққа созылатын «Алматы-Қорғас» және 209 шақырымды алатын «Ташкент-Шымкент -Жамбыл облысының шекарасы» аумақтарын жеке инвесторлардың концессия негізінде бөлген жалпы көлемі 267 миллиард теңге болатын қаржысы есебінен жүзеге асыру жоспарлануда.
- Жобаның жүзеге асырылу барысында жүргізілетін жұмыстардың, тауарлар мен қызметтің жалпы көлеміндегі қазақстандық үлес қандай болады?
- Жоба 40 учаскеге бөлінген және негізгі жол-құрылыс материалдарының қажеттілігі: қиыршық тас - 19,4 миллион тонна, құм - 5,4 миллион тонна, цемент - 3 миллион тонна, битум - 570 мың тоннаны құрайды. Жобаға бір уақытта 54 асфальт-бетон және 29 цемент-бетон зауыттары, 11 мыңға тарта жол-құрылыс техникасы жұмылдырылатын болады. Бейтарап материалдар мен темір-бетон өнімдерін шығарушыларды, авто және теміржол тасымалдаушыларды қоса алғанда, 2010 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың соңына дейін созылатын жобаның жүзеге асырылуындағы қарбалас кезеңде 50 мыңнан астам адам жұмысқа тартылады, оның 85 пайызы қазақстандық мамандар.
Дағдарысқа қарсы шараларды қолдану аясында биылғы жылғы жобаның жүзеге асырылуындағы қазақстандық үлес 86 пайыз болады деп есептеп отырмыз. Жол құрылысына арналған материалдар өндіретін бірқатар отандық кәсіпорындар іске қосылған. Алдағы уақытта Ақтау битум зауытын есептегенде, қазақстандық үлес 94 пайыздық көрсеткішке жетеді.
- Бұл дәліздің құрылысының Қазақстан экономикасына арттыруға әсері есептелінген бе?
- Аталмыш жолдың құрылысы экономиканың аралас салаларына үлкен арттырушы әсерін тизіуде. Олардың қатарында - жол бойындағы қызмет көрсету пункттерінің құрылуы бар. Бұл пункттер трасса бойында қажетті қызмет пен ыңғайлы демалысты қамтамасыз ете отырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік туғызып отыр.
Жуырда өткен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» баспасөз-турының барысында олар үшін жобаның жүзеге асырылуынан жаңа жұмыс орындарының құрылуы маңызды нәтиже болып отырған жергілікті халық өз пікірлерін айтқан. Олардың сөздеріне қарағанда, жоба шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасайды. Мысалға, Жамбыл облысындағы бір фермер іргелес орналасқан мердігерлік ұйымның құрылысшыларына күнінен бір ірі мал басының тұтас еті, бір тонна сүт, 300 бөлке нан, 900 шөлмек су керек екенін есептеп шығарған. Осылайша ол шаруа үш жылға бизнес-жоспар құрған. Атап айтқанда ол, сиыр басын 1000-ға дейін жеткізуге дайындалуда.
Әмбебап магистраль құрылысының басталуының арқасында Шиелі ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша жаңа жұмыс орындары құрылған. Ал бұрыннан қалыптасқан кәсібі барлар үшін мол табыс түсе бастаған. Ол жерде қонақ үйлердің салынуы басталып, тасымалдау қызметінің мөлшері артқан. Және де осындай мысалдар салынып жатқан тас жол аумағында аз емес.
- «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі бойынша отандық тасымалдаушыларға мемлекеттік қолдау көрсетілетін бола ма?
- Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сәйкес автомобиль көлігі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттерінің бірі халықаралық автомобильді тасымалдау нарығында отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілетті болуы үшін жағдай жасау болып табылады. Осыған байланысты Министрлік тарапынан көлік дәліздеріне қарамастан, халықаралық автомобиль тасымал нарығында отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру үшін оларға барынша қолдау көрсетілетін болады.
- Әңгімеңізге рахмет!