«Батыс Еуропа - Батыс Қытай транзиттік дәлізін салуда жергілікті жол-құрылыс материалдарын пайдалану қажет Қ.Бозымбаев
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - «Батыс Еуропа-БатысҚытай" транзиттік дәлізін салуда жергілікті жол-құрылыс материалдарын пайдалану қажет. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке бүгін ДМСУ-12 («Жамбылжолқұрылыс» бөлімшесі) құрылыс индустриясы кәсіпорнында болған кезде айтты.
Ө.Шөкеев отандық «Қазжолқұрылыс» ЖШС жол-құрылыс компаниясының құрамына кіретін кәсіпорынның әлеуетімен және даму келешегімен танысты.
«Жамбылжолқұрылыс» кәсіпорнының директоры Николай Дмитриенконың айтуынша, бүгінде ДМСУ-12 құрылыс ұйымының техникалық және кадрлық ресурстары жеткілікті, бұл мекеме Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттерге өз үлесін қоса алады.
«2010 жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізін салу басталады, - деді Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев. - Жобаның құны 164 млрд.теңге. оның барысында 8 мың жұмыс орындары ашылады. Жамбыл облысы бойынша ол жалпы ұзындығы 495,3 шақырымдық жеті ауданның аумағынан өтеді».
Жамбыл облысының басшысы Қ.Бозымбаев ҚР бірінші вице-премьеріне осы аймақаралық жобаны жүзеге асыруда жергілікті жол-құрылыс материалдарын барынша пайдаланып, жергілікті еңбек ресурстарын тарту жөнінде өтініш айтты.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған жедел топ Таразға ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер мен тапсырмаларды іске асыруға кірісу үшін келген болатын. Жамбыл облысы жедел топ келген төртінші аймақ болды.