Батыс Қазақстан облыстық соты жылды қорытындылады
ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс-Қазақстан облыстық сотында сот төрелігін атқарудың қорытындыларына арналған облыс судьяларының кеңейтілген жалпы отырысы өтіп, оған ҚР Жоғарғы сотының судьясы Марклен Қамназаров қатысты. Жалпы отырысты облыстық сот төрағасы Мұхтар Смағұлов ашып, жүргізіп отырды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2010 жылы облыс соттарына 23 379 арыз түсіп, 20 693 іс өндірісі қозғалған (2009 жылы сәйкесінше 23 429 арыз, 19 641 іс). Жалпы есепті мерзімде алдыңғы жылмен салыстырғанда облыс соттарында шешім шығарумен аяқталған азаматтық істер 12% -ға өскен. Солай бола тұра апелляциялық сатыда қаралған істердің саны бұрынғы деңгейден аспаған, демек, азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқарудың сапасы артқан деп айтуға негіз бар.
2010 жылы 1 302 қылмыстық іс бойынша 1544 адамға қатысты үкім шаққан, оның ішінде 22 адам ақталса, 256-сына бас бостандығынан айыру жазасына балама болып табылатын айыппұл, қоғамдық түзеу жұмыстары, бостандықты шектеу, қамау сияқты жазалар қолданылған. Бас бостандығынан айыру орындарына 537 қылмыскер аттандырылған. Өткен жылы соттардың қылмыстық істерді қарау сапасы жақсарған, егер 2009 жылы 3 адамға қатысты екі үкім бұзылып, 49 адамға қатысты үкімдер өзгертілсе, ал 2010 жылы екі адамға қатысты үкім бұзылып, 44 адамға қатысты өзгертіліпті.
2010 жылы кассациялық саты енгізілген еді. Кассациялық сот алқасына қылмыстық істер бойынша 11, азаматтық істер бойынша 334 кассациялық шағым, 2 кассациялық наразылық түскен. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үш сотталғанға қатысты 3 үкімі кассациялық шағым бойынша бұзылса, 2 сотталғанға қатысты 1 үкім өзгертілген.
Алқабилердің қатысуымен 10 адамға қатысты 7 қылмыстық іс қаралған.
ҚР Жоғарғы соты 49 критерий бойынша жүргізген мониторингке сәйкес Батыс Қазақстан облыстық соты бесінші орынға орналасты.