Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстандағы байырғы мәдени орындардың бірі
ОРАЛ. 18 мамыр. ҚазАқпарат - 18 мамыр - Халықаралық музей күні. Қазақстанда 90-ға жуық мемлекеттік музей жұмыс жасаса, соның ішінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі байырғы мәдени орындардың бірі болып есептеледі.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Нысанованың айтуынша, жергілікті оқу орындары мұражай ашуға негіз қалаған, соның бірі 1812 жылы ашылған, алайда ол ғимарат 1821 жылы өртеніп кеткен. Орынбор өлкесінің шекаралық және азаматтық басқармасының 1834 жылғы есебінде Оралда әскери училище құрылысының басталғаны туралы жазылған. Ал Орынбор корпусы сардарының 1836-1837 жылдардағы есептерінде құрылыс аяқталып, онда сабақ басталғаны баян етіледі. Осы училище тұрақты жұмыс істей бастаған 1836 жылы аталмыш музейдің негізі қаланған. Сонымен, батысқазақстандық музейдің жұмыс жасай бастағанына 176 жыл толды деп қорытынды жасауға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы облыста да қуатты тетік болды. Мәселен, археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде өлке тарихы жаңа жәдігерлермен толықты. Өңірден шыққан, өмірі елге өнеге тұлғаларға қатысты деректер түгелденуде. Музейдің аудандардағы бөлімшелері де халық көңілінен шығып тұр. Тағы бір айта кетерлігі, елімізге танымал ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылық үйін салу жұмысы қолға алынды. Қазақ еліндегі музейлердің серіктестері мен әріптестері молаюда. Солардың бірі - Қазақстан Бритиш Консул компаниясы. Аталмыш компанияның «Музейлердің жаңғыруы» атты үш жылдық жобасы шеңберінде музейлер туралы үш тілді веб-сайт іске қосылған. Аталмыш сайтқа батысқазақстандық музейдің енуі - үлкен қуаныш.
1980 жылы ХІХ ғасыр ескерткіші болып табылатын бұрынғы орыс-қазақ мектебінің ғимаратына көшірілген музей қоры өте бай. Әрине, оның бәрін көрмеге қою мүмкін емес. Музей қорында 120 мыңнан астам экспонат сақтаулы. Бұл - еліміздегі ең бай қорлардың бірі. Онда қазақ халқының тарихына қатысты аса құнды жәдігерлер де мол. Бұлар жыл сайын жаңарып, толығып отырады.
Музейде мерекелер мен атаулы даталар жыл сайын жаңаша кейіпте өткізіледі. Әрине, мұндай шаралардан мектеп оқушылары мен студенттер тыс қалған емес. Мәселен, «Асыл тастар қасиеті» атты этнографиялық көрменің ашылу салтанаты, өлкенің танымал зергерлері мен сән мамандарымен кездесу кеші өтті. Қазақ елінің батыс өлкесіне тән салт-дәстүр күні де «Наурыз-көрісу» атауымен көпшілікке ұсынылды. Әсіресе, Халықаралық музей күні мамандар үшін келушілерге біздің әлемді жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Осы күні келушілер «Ашық есік күні» және «Музейдегі түн» іс-әрекеті аясында экспозицияны тегін тамашалайды. Биылдан бастап келушілер арасында сауалнама жүргізу қолға алынды. Зерттеу сәуір айында ұйымдастырылды. Шара барысында 68 адам сұраққа жауап берді. Сауалнама негізінде келушілердің құрамы туралы қорытынды жасап, олардың ескертпе-ұсыныстарын талдауға мүмкіндік бар. Зерттеу қорытындысында өлке тарихымен терең танысқысы келетіндердің 72 пайызын 35 жасқа дейінгілер құрады. Ал 24 жасқа дейінгілер белсенділік танытты. Келушілердің 62 пайызы Оралдың тұрғындары да, 38 пайызы ғана қала қонақтары екен. Сауалнамаға қатысушылардың 45 пайызы туыстары мен таныстарының кеңесімен келгендігін айтса, 24 пайызы ақпаратты мерзімді баспасөз, радиотеледидардан, 23 пайызы ғаламтордан алған. 8 пайызы музей қызметкерлерінен естіген болып шықты. Көпшілігі (66%) экспозиция залдарын жеке аралағаннан гөрі, таныстырушының қызметіне жүгінгенді жөн көреді. Ал «Сіз қонағыңызды қалаңызбен таныстыру үшін қайда апарар едіңіз?» деген сауалнама сұрағына көпшілігі (64%) «Музейге» депті. Қала тұрғындарының музей табалдырығын аттауына не себеп? Тағы да сауалнамаға сілтеме жасасақ, басты мақсат - оның ақпарат пен білім көзі болғандығынан. Ал 28 %-ы демалу үшін келіпті. Сонымен қатар келушілердің 54%-ы тәрбие және білім беру үрдісіне байланысты отбасы, сыныптастары, топтастарымен барғанды ұнатады. Ескертулер мен ұсыныстар да бар. Олардың ойынша, мұражайдың жаңғыртылған залдарын заманауи аппаратурамен (мультимедиа, сенсорлы киоск және т.б, 19%) жабдықтау, ескі кинотаспалар мен ретро-фильмдерді көруге арналған залмен (61%) толықтыру, демалыс аймағы (18%) мен кәдесый дүкенін ашу (29%), балалар ойнайтын бөлмемен (5%) толықтыру қажет. Жүргізілген сауалнамаға жауап берушілердің дені (82%) мұражай жұмысына үлесін қосқысы келетінін жеткізді. 24 пайызы «Жәдігерлер мен тарихи құжат тапсырамыз» десе, 27 пайызы қала тарихына қатысты естеліктермен бөліскісі келеді. 19 пайызы еңбегімен жәрдемдесуді қаласа, 11 пайызының қаржылай көмектесуге мүмкіндігі бар екен. Болашақта сауалнаманың сұрақтары толықтырылып, жаңартылып отырады. Туристік маусым басталар шақта зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Тек жекедара адамдардан ғана емес, топпен еніп, көппен жүрген келушілерге де сауал салу жоспарда бар. Қазір бала тәрбиесі тақырыбында ата-аналарға арналған сауалнама жүргізіле бастады. Ең бастысы, сауалнама көрсеткіші тұрғындардың қала тарихына қызығушылығы жоғары екенін байқатты.
Дүниежүзілік балаларды қорғау күні, жаңа оқу жылының басталуы мен «соңғы қоңырау» - музейлерге мектеп оқушыларының тоқсан пайызының барып, танысатын мезгілі. Арнайы бағдарламалар жасалып, келуші аудиторияның белсенді қатысуына мүмкіндік жасалады. Мұндағы міндет - ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу. Осы орайда музей қызметкерлері аудандағы бөлімшелер және мектептегі әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Балғындарды жәдігерлермен жете таныстыру үшін оларға арнайы тапсырмалар да беріліп отырады. Мұндай жұмыстың жас ұрпақ үшін пайдасы зор. Бала өзіне жүктелген міндеттерді қалтқысыз атқара жүріп, жәдігер жайлы толыққанды мәлімет алмақ. Ал мұндай мәліметтің жас ұрпақ қазіргі көк жәшікке (теледидар мен компьютер) арбалған шақта пайдасы мол.
Музей туралы баланың мектеп қабырғасында, соның ішінде бастауыш сыныпта білгені абзал. Бұл бағытта зерттеушілердің еңбегі мол. Соңғы жылдарда жалпы білімде үлкен өзгерістер орын алды. Мектепте жаңа құрылғылар пайда болды (олардың маңызын асыра бағалау қиын). Білім беретін мекемелердің формалары өзгеруде, кестені қалыптастыру қағидаттары, көп ғылыми тәжірибелі бағдарламалар жүзеге асуда. Музей жұмысының компьютерленуі, жаңа технологиялық әдіс-тәсілдердің енуі музей ісінің әлемдік кеңістікте өзінің лайықты орнын алуына мол мүмкіндік тудыруда. Мәселен, ата-бабамыздың асыл мұрасы жиналған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі де өткен жылдың 13 шілдесінде www.olke.kz сайтының тұсауын кесті. Аталмыш сайт ақпараттар порталының барлық стандарттарына жауапты және ғаламтордың жиі кіретін бетіне айналды.
«Алысқа көз жіберсек, ғасырлар қойнауынан бастау алатын еліміздің тарихы мен мәдениетінен, салт-дәстүрі мен әдебиетінен, шежіре мұраларынан сыр шертетін мәдени құндылықтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлерде сақтаулы. Қазақстан музейлері бүгінгі таңда жас ұрпаққа құнды мұралар мен тарихи жәдігерлері арқылы білім беруге арналған көпқырлы әлеуметтік ақпараттар институтына айналып отыр», деп қорытты ойын А.Нысанова.