Батыс Қазақстан облысында 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні кеңінен тойлануда

Орал қаласы мен барлық аудан орталықтарында, елді мекендерде 1 мамыр мерекесіне арналған шаралар өтуде.
Оралдағы Абай алаңында мекеме-ұйымдар шеруі театрландырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Әсіресе, бүгінгі мейрамға ұлттық-мәдени орталықтар белсене қатысуда. Олар өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық тағамдарын ұсынды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Максим Хасановтың айтуынша, өңірде осындай 14 орталық бар. Олардың бәрі де ұлттық салт-дәстүрлерін, өнері мен тілін дамыту бағытында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.
Оралда бүгін сондай-ақ Д.Нұрпейісова атындағы көше бойында мерекелік сауда-саттық және өнімдер жәрмеңкесі де жұртшылық назарынан тыс қалған жоқ.
Мереке қалалық мәдениет және демалыс саябағында, Жастар мәдениет үйінде және басқа көпшілік орындарында жалғаспақ.