Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілер 100 пайыз екпе алды
«Облыста жыл басынан бері коронавирус инфекциясының зертханалық расталған 27 849 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 4 188 жағдайды құрайды. Бүгінде 22 350 адам дерттен жазылып шықты. Егер ауру динамикасына қарайтын болсақ, тамыз айынан бастап айтарлықтай төмендеу байқалады. Мәселен, шілде айында 6 192 жағдай тіркелсе, тамызда науқастар саны 3 828 адам болды. Сонымен қатар қыркүйекте тамыз айымен салыстырғанда төмен болады деп болжап отырмыз. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар қатаң карантиндік шектеу іс-шарасы қабылданды. Түнгі және ойын-сауық клубтардың, барлардың жұмысына, ойын-сауық, ұжымдық және отбасылық іс-шараларға тыйым салумен қатар келесі шектеулер қабылданды. Жабық ғимараттарда да, ашық ауада да әртүрлі жәрмеңкелер өткізуге тыйым салынды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, Ashyq жобасына қатысушыларға да демалыс күндері локдаун енгізілді. Атап айтқанда, жабық базарлар, СПА-орталықтар, бассейндер, спорт кешендері, фитнес орталықтары, сонымен қатар қоғамдық тамақтану нысандары қызметі тоқтатылды.
«Вакцинациялау басталғаннан бері 1-компонентпен 218 050 адам, 2-компонентпен 190469 адам егілді. Бүгінде медициналық қызметкерлер, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы 100 пайыз екпемен қамтылды», - деді Айдар Нұралиев.