Батыс Қазақстан облысында жарқын істермен қатар шешуді қажет ететін өзекті мәселелер де бар –Мәжіліс депутаты И.Елекеев
л. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Таяуда Батыс Қазақстан облысында ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев бастаған депутаттар тобы іссапармен болып, халықпен жүздесті, өңірдің тыныс-тіршілілігімен танысты. Сапардан ой қорытқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеевтің пікірінше, облыста халықтың әл-ауқатын жақсартуда атқарылып жатқан жасампаз, жарқын істер көңілді қуантады.
Дейтұрғанмен шешуді қажет ететін өзекті мәселелер де жоқ емес. Депутат 8 желтоқсанда бұл мәселе жөнінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал да жолдады.
-Біздің Батыс Қазақстан облысына іссапарымыз Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өтіп жатқан тұста болды, деп бастады әңгімесін И. Елекеев. -Батыс Қазақстан облысының аудандарында және Орал қаласының өнеркәсіп орындарында кездесулер өткізгенімізде, тұрғындармен жүздескенімізде, барлығы да Астана Саммиті туралы жүрекжарды пікірлерін білдірді. Қазақстанның әлем алдындағы рөлін ерекше сезініп отырғандарын жеткізді. Астана Декларациясының қабылдануы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі беделінің өте жоғары екенін байқатып отыр.
Батыс Қазақстан облысы - еліміздің ауыл шаруашылығы дамыған және өнеркәсібі жолға қойылған өңірлерінің бірі. Ресей Федерациясының бес аймағымен, атап айтқанда, Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен шектеседі. Облыстың сыртқы сауда айналымында Ресей Федерациясы негізгі әріптес болып табылады. Көрші елдің шекаралас аудандарымен де тығыз байланыс орнатылған.
Облыс экономикасы алға басып келеді. Республикалық және аймақтық индустрияландыру картасы аясында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде соңғы жылдары әлеуметтік мәселелерді нақты шешуге бағытталған көптеген жұмыстар атқарылды. Олардың ішінде ең алдымен таза су, газ жүйесі, жол мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Айталық, газ жүйесін дамыту бағдарламасына сәйкес соңғы үш жылда 902 шақырым газ құбыры тартылған.
Елбасының тапсырмаларына сәйкес Ақ Жайық өңірі келер жылы да Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа өндірістерді ашу, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатын ұстанып отыр.
Облыс орталығы Орал - экологиялық таза қалалардың бірі. Орал қаласында «Зенит» зауыты мен Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. ҚР ҰҚК шекаралық қызметінің тапсырыстары бойынша жаңадан жасалып жатқан кемелерді көрдік. Зауытта жасалған катерлер мен кемелердің бәрі де Каспий теңізінде күзетте жүр. Тұрмысқа қажетті катерлер мен кемелерді жасап, ешқандай қысылмай шетелге де шығаруға болады.
Бұрын бір әріптесім «Зауыт жұмысшылары ереуілге шығайын деп жатыр» деп депутаттық сауал жасайтын еді. Қазір оның бірі де жоқ. Жер қойнауын пайдаланушы шетелдік және отандық компаниялардың өзіміздің зауыттарға тапсырыс беру көлемін де артыруға баса мән бергеніміз жөн. Өйткені жергілікті кәсіпорындардың жер қойнауын пайдаланушыларға қажетті өнім түрлерін шығара алатындай тәжірибелері мен мүмкіндіктері бар екенін көзбен көрдік.
Дегенмен облыста шешімін күтіп тұрған көкейкесті мәселелер де бар. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бізге елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге баса назар аударылып отырғанын айтты. Қазір облыстың 82 пайызы газбен қамтылған. 2011 жылы Бөкей ордасы ауданының Бисен, Жәнібек ауданының Ақоба, Теректі ауданының Сарыөмір және Жайық өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерге газ құбырлары тартылады. Оған барлығы 2 млрд 792 млн теңге қаржы қажет. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, сараптамадан өткізілген. Осыған республикалық бюджеттен қаржы бөлуді сұрайды.
Келесі мәселе - автокөлік жолы. «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» автомобиль жолына (76-113-шақырымы) күрделі жөндеуді аяқтау үшін 2 млрд. 030 млн. теңге қажет, Деркөл ауылынан Орал-Тасқала-Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолды жөндеуді жоспарлап отыр. Жобаның кұны - 1 млрд. 82 млн. теңге. «Алғай-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу» жолын (71-73-шақырымы) Қараөзен ауылына кірме жолымен жөндеу үшін 986 млн. теңге қажет. Барлығы - 4 млрд. 098 млн. теңге. Міне, осы мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, дұрыс болар еді.
Үшінші мәселе - кәсіпорындардың жұмысын жандандыру. Облыста үш белді кәсіпорын - «Омега» прибор зауыты, «Орал «Зенит» зауыты» және «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты» АҚ қазіргі кезде «Қазақстан Инжиниринг» акционерлік қоғамы тарапынан қажетті көмектің болмауына байланысты өз әлеуетін толығымен пайдалана алмай отыр. Кәсіпорындардың толық қуатымен жұмыс жасауы және қосымша жұмыс орындарын ашу үшін тапсырыспен қамту мәселесіне айрықша мән берілуі қажет.
Мен өткен сессияда азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Соның нәтижесін Оралдан көргендей болдым. Айталық, Оралда қанттың бағасы - 166 теңге, облыс бойынша қанттың орташа бағасы - 187 теңге. Күнбағыс майы Оралда 230, облыс бойынша 285 теңге. Күріш Оралда - 153, облыста - 170 теңгеден, жоғары сортты бір қап ұнның бағасы Оралда - 3250, облыста - 3305 теңгеден, ұнның бірінші сорты қалада - 2600, облыста - 2769 теңгеден, сиыр еті Оралда - 650, облыста - 707 теңгеден, қой еті Оралда - 650, облыста 565 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ сүт Оралда - 110, облыста - 131 теңге, тұз Оралда - 25, облыста 32 теңге тұрады. Жоғары сортты ұнның наны Оралда - 50, облыста - 55 теңге, ұнның бірінші сортынан дайындалған нан Оралда - 40, облыста - 50 теңге. Басқа да күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері тұрақты бағасын сақтап отыр. Бұл көрсеткіштер бүкіл республика көлемі бойынша ең төменгілердің бірі екені анық.
«Жайық өңірінде жаңа бастамалар көп екен. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда жасап жатқан ауқымды істерін республикамыздың барлық өңіріне де үлгі ретінде ұсынса, тәжірибелер алмасу жұмыстары жүргізілсе, өте орынды болар еді, - деп түйді ойын И.Елекеев.