Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында өрт көбейіп тұр
ОРАЛ. 20 маусым. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Бөрлі ауданында әртүрлі өрттердің - 33, шөптердің жануының 25 оқиғасы тіркелді.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, келтірілген шығын көлемі 1 млн. 734 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, өрттер санының 22 пайызға, ал материалдық шығынның 734 мың теңгеге өскендігін көрсетеді.
Өрт оқиғаларының көпшілігі тұрғын үй секторынан шыққан. Жыл басынан бері 11 тұрғын үй, 4 қора-қопсы отқа оранды. Сондай-ақ 4 шөмеле шөп пен 6 автокөлік жалын тіліне шарпылған. Бұлардың көпшілігі үй айналасындағы шөп-шаламдарды, қоқыстарды жиып, өртеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаудан болған. Дала және орман өрттерінің орын алуына да адамдардың жауапсыздығы мен шалағайлығы себеп болған. Тартып келе жатқан темекі тұқылын немесе шылым тұтатқан сіріңке шиін сөндірместен лақтырып жіберудің нәтижесінде қурап тұрған шөп лап ете қалады. Оның арты үлкен өртке, орасан зор шығынға әкеліп соғады.