10:15, 16 Мамыр 2012 | GMT +5
Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану мұражайында өрт сөндірушілер тарихына арналған көрме ашылды
ОРАЛ. 16 мамыр. ҚазАқпарат - 15 мамыр күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Музейлер - халық қазынасы» жобасы аясында БҚО төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-ның «Өрт-техникалық орталығы жанындағы музейі» көрмесі ашылды.

Аталмыш көрме Батыс Қазақстандағы өрт сөндіру қызметінің тарихынан сыр шертеді. Онда түрлі құрал-жабдықтар, жәдігерлер қойылған.
Мұражайдан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жоба мақсаты - Ақ Жайық өңірінде жұмыс жасап жатқан мемлекеттік және қоғамдық мұражайлардың рөлін көтеру. Мұражай саласында тәжірибе алмасудың жаңа түрлерін қарастыру. Өлкеге, белгілі бір тұлғаға қатысты тарихи тақырыптарды зерделеуге жастарды тарту.
«Музейлер - халық қазынасы» көрмесі сәуір айынан басталған болатын. Шара биылғы желтоқсан айында қорытындыланады.