Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Батыс Қазақстанда 10 млрд. 400 млн. теңге көлеміндегі қосымша қаражат негізінен әлеуметтік салаға бағытталмақ

ОРАЛ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 10 млрд. 400 млн. теңге көлеміндегі қосымша қаражат негізінен әлеуметтік салаға бағытталмақ. Бұл туралы облыстық мәслихаттың ақпанның 17-сінде өткізілген кезектен тыс ХІХ сессиясында өңір бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Серік Шәпкенов мәлім етті,

Батыс Қазақстанда 10 млрд. 400 млн. теңге көлеміндегі қосымша қаражат негізінен әлеуметтік салаға бағытталмақ

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 1,5 млрд. теңге «Жол картасы» бағдарламасы аясында он үш білім беру, үш денсаулық сақтау және тоғыз мәдениет нысанын күрделі жөндеуге жұмсалмақ. Аудан орталықтары Жымпиты мен Қаратөбеге газ құбырын тарту алғашқы жартыжылдықта толықтай аяқталып, Теректі ауданында ауылішілік газ құбырының құрылысы жалғасады. Осы ауданның Ақжайық, Үлкен Еңбек, Шыңғырлаудың Правда, Жаңакүш және Бөкей ордасының Бисен ауылдарының халқы да биыл «көгілдір отынға» қол жеткізбек. Ал қалған 8 млрд. 808 млн. теңгені білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары мен әлеуметтік қорғауға бөлу көзделіп отыр. Соның ішінде бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ ұйымдастыруға 150 млн. теңге, студенттер мен оқушылардың қоғамдық көлікте жеңілдетілген жолақымен жүріп-тұруы үшін 70 млн. теңге қарастырылған. Шыңғырлау ауданының Қуағаш және Теректінің Яик ауылдарында басталған қос мектептің құрылысы мәреге жетіп, Желаев кентінде 140 орындық балабақша мен дәрігерлік амбулатория бой көтермек. Ауылдарды сапалы ауызсумен жабдықтауға 324 млн. теңге бөлінетін болады. Бюджет қаражатының сексен пайызы ауыл-аймаққа бағытталып отыр.