Батыс Қазақстанда 16 аймақтық бағдарлама мәреге жетіп, өңір экономикасының дамуына 238,9 млрд. теңге инвестиция жұмсалды
ОРАЛ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 2010 жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың 16 аймақтық бағдарламасы мәреге жетті.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, елді мекендерді газдандыру, білім беру, денсаулық сақтау, сумен қамту нысандарын салуда көптеген жұмыстар атқарылды.
Жалпы, облыс экономикасының дамуына 238,9 млрд. теңге инвестиция салынды.
«Қарашығанақ-Орал» газ құбырының 2-кезеңі, Орал қаласында 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, ауысымына 500 адам қабылдайтын қалалық емхана, Зеленов ауданының Переметный ауылында 120 төсектік орталық аудандық аурухана, Теректінің Ақжайығында 100 төсектік аудандық аурухана, Ақжайық ауданының Чапаевында ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, Оралға қарасты Желаев кентінде дәрігерлік амбулатория, Теректінің Яик ауылында 96 орындық мектеп ғимараты, Шыңғырлаудың Қуағашында 108 орындық, Бөрлі ауданының Ақсай қаласында 900 орындық, Қаратөбеде 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп, Орал қаласында 280 орындық балабақша, жеті газдандыру, жеті сумен қамту нысандарының құрылысы аяқталды. Екі бірдей сумен қамту нысанын, 1 балабақшаны қайта жаңарту жұмыстары тәмамдалды.
Орал қаласында 240 пәтерлік шағын отбасыларға және 90 пәтерлік жас отбасыларға арналған тұрғын үй, Шыңғырлауға қатынайтын автожол бойындағы Ащы өзені арқылы өтетін көпір өткелі, Зеленов ауданының Октябрь ауылы тұсында көпір пайдалануға берілді.
Сонымен бірге 2 денсаулық сақтау, 4 білім беру, 4 сумен қамту, 2 газдандыру нысаны құрылысы жалғасуда. 1 сумен жабдықтау нысанын, Орал қаласында кәріздік тазарту ғимараттарын (1-кезек), «Жымпиты-Қаратөбе» автожолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
48 білім беру нысаны, соның ішінде «Жол картасы» аясында 16 нысан, 12 денсаулық сақтау нысаны (3), 29 мәдениет нысаны (17) күрделі жөнделді.
Батыс Қазақстан облысының халқын жұмыспен қамтудың 2008-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы аясында 2010 жылы 8305 жұмыс орны ашылды. Бұдан басқа «Жол картасының» инвестициялық бағыттары бойынша 5143 жұмыс орны ашылды. 22755 адам, соның ішінде 18493-і жұмыспен қамту орталықтары арқылы еңбек орнын тапса, «Жол картасы» аясында 3965 адам жұмысқа орналасты. 2227 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 1301 жас тәжірибеден өтті. Шағын бизнесте 4262 адам өз орнын тапты.
Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес 2011 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысының 2011-2015 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұрынғы аймақтық бағдарламалардың орнын осы бағдарлама ауыстырмақ.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы №931 Жарлығымен бекітілген аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг, бағалау және бақылау жүргізу ережелеріне сәйкес әзірленді және 2010 жылғы 29 желтоқсанда облыстық мәслихат сессиясының шешімімен бекітілді.