18:22, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда 3 млрд. 541,7 млн. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді
ОРАЛ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстанда 3 млрд. 541,7 млн. теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың бүгін өткен ХІ сессиясында белгілі болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осының 581 миллионы білім беру мекемелерін күрделі жөндеу мен салуға, бастауыш сынып оқушылары үшін ыстық тамақ ұйымдастыруға және саланың басқа қажеттеріне жұмсалмақ. Денсаулық сақтау саласына 864,3 млн. теңге бөлінсе, өңірде автожол саласын дамытудың 2007-2012 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасын жүзеге асыру мен тұрақты ішкі әуе қатынасын субсидиялауға 300 млн. теңге берілді. Елді мекендерді газдандыруға 713,3 млн. теңге бағытталса, мұның ішінде Зеленов ауданы Чинарев ауылына «көгілдір отын» жеткізу мен Жымпиты-Қаратөбе газ құбырын жүргізуге қосымша қаралған қаржы да бар. Орал қаласының жолдары мен инженерлік су желілерін жөндеуге, абаттандыруға қосымша 751,6 млн. теңге қарастырылды.
Әлеуметтік салаға қосымша 103 млн. теңге бөлінсе, мұның 100 миллионы әлемдік дағдарысқа байланысты аз қамтылған тұрғындарға әлеуметтік төлемақы түрінде берілетін болады.