Батыс Қазақстанда 5 мыңнан астам қызметкерге жалақы қарызы өтелді
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл прокуратураның араласуымен 5 мыңнан астам қызметкерге 447 млн. астам теңге жалақы қарызы өтелді.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, үш айдан асқан еңбекақы берешегі 70 млн. теңгеден 19,5 млн. теңгеге дейін азайды. Жалақы төлемеу фактісін жасырған 5 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаржыны басқа мақсатқа жұмсап, жалақы төлеуді бірнеше рет кідірткен «Металл бұйымдары» бірлескен кәсіпорны» ЖШС директоры А.Павловқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Прокурорлар ұйғарымдарына сәйкес сот орындаушылары 400-ден астам азаматқа 22 млн. астам теңге жалақы өндіріп берді.