09:02, 17 Қаңтар 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда 70 мыңнан астам ардагер тұрады
ОРАЛ. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 70618 соғыс және еңбек ардагері тұрады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсот Батыровтың сөзіне қарағанда, олардың 549-ы майдангер болса, 13314-і ? тыл ардагері. 2006 жылы өңірде 220 бастауыш ардагерлер ұйымы болса, қазір олардың саны 292-ге жетті. Алдағы жылы Ұлы Жеңіске 65 жыл толмақ. Осыған орай облыс басшысының алдына қалада тұрғын үй кезегінде тұрған 62 соғыс мүгедегі мен 103 ардагерін жайлы пәтермен қамту жөнінде мәселе қойылды. Әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов мұнымен келісетінін, мүмкіндігіне қарай шешетіндігін білдірді.
Қазіргідей жағдайда 364 соғыс мүгедегі қаладағы 14 дүкенге бекітілген. Бұдан басқа 24 дүкеннен 881 еңбек ардагері 15-20 пайызға арзандатылған азық-түлік және өзге тауарларды сатып алуда. Мұндай дүкендер аудандарда да бар. Оралда соғыс ардагерлері үшін арзандатылған дәрі-дәрмек сататын үш дәріхана ашылған. Егер өткен жылы 55-60 майдангер тісін емдетсе, биыл да одан кем болмайды. Ардагерлердің Астанаға баруы, сондай-ақ «Ақжайық» шипажайында демалуы игі дәстүрге айналған.
Ардагерлерге жергілікті билік тарапынан қамқорлық биыл да жалғасатын болады.