Батыс Қазақстанда Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтпек

ОРАЛ. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстанда Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтпек.

Батыс Қазақстанда Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтпек

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Құжырғали Төлеуішев хабарлады. Оның айтуынша, 22 сәуірде Оралдағы А.Островский атындағы орыс драма театрында Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының орыс труппасы өнер көрсетеді. 23 сәуірде облыстық қазақ драма театрында «Алақай» қуыршақ театры, 25 сәуірде ақтөбеліктердің қазақ труппасы өз қойылымдарын көпшілік назарына ұсынбақ. Ал 26 сәуірде қазақ театрында Ақтөбе облысының шығармашылық ұжымдары өз концертін қояды.

Өткен жылы батысқазақстандықтар Ақтөбеде концерт қойып, ақтөбеліктер автобус тарту еткен болатын. Сондай-ақ биыл батысқазақстандық қазақ театры тұңғыш рет Ақтөбеде гастрольдік сапарда болып қайтты. Енді 20 сәуірден бастап бір апта бойы А.Островский атындағы орыс драма театры да көрші облыста өнер көрсетпек.

Бір-бірінен үйрену, тәжірибе алмасу мақсатында мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылмақшы.