Батыс Қазақстанда алаяқтық жасаған әйел сотталды
ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімі «б» тармағына сәйкес (алаяқтық) Эльмира Көбекованың үстінен қозғалған қылмыстық істі сотқа жіберген болатын.
Департаменттің баспасөз қызметінен Ақлима Бүркітбаеваның хабарлағанындай, Э.Көбекова 2009 жылғы сәуірде «Жұмалиева Л.Р.» ЖК ұялы байланыс салонына оператор болып жұмысқа қабылданып, клиенттерден ұялы байланыс қызметі үшін төлемдерді қабылдауды жүзеге асырып отырған. «Объединенная система моментальных платежей» («ОСМП») ЖШС және «Жұмалиева Л.Р.» ЖК арасында жасалған келісімшартқа сәйкес Л.Жұмалиева «Каспий Банкі» АҚ-дағы өзінің есептік шотын тұрақты негізде толтырып тұрған, кейіннен Банк ұялы байланыс қызметін төлеу үшін ақша қаражаттарын көрсетілген есептік шоттан «ОСМП» ЖШС-нің есеп шотына аударып отырған. Э.Көбекова «Жұмалиева Л.Р.» ЖК банктегі өзінің есепшотын толтыру үшін ақша қаражатын Орал қаласына қатынайтын таксистер арқылы беріп жіберіп тұратынын анық біле тұра, Л.Жұмалиеваның ақша қаражатын талан-таражға салу мақсатында оған өзінің көмегін ұсынған. Бұған Л.Жұмалиева келісіп, 2009 жылғы сәуір мен қараша марзімі аралығында бірнеше рет түрлі сомадағы ақша қаражатын берген. Ал Э.Көбеова Л.Жұмалиевадан алған ақша қаражатының бір бөлігін банктегі есепшотты толтыру үшін таксистерге беріп, екінші бөлігін өзіне қалдырып, керегіне жаратқан. Сонымен қатар ол Л.Жұмалиеваның компьютермен қызмет жасай алмайтынын пайдаланып, есепті қағаз арқылы беріп отырған және «ОСМП» ЖШС есепшотындағы ақша қаражатының сомасын көтермелеп көрсетіп отырған. Бұдан басқа,Э. Көбекова Л.Жұмалиеваның атынан және оны хабардар етпей, «ОСМП» ЖШС қаражаты есебінен «Жұмалиева Л.Р.» ЖК балансын толтыру бойынша операцияларды жүзеге асырған, Э.Көбекованың бұл іс-әрекетінің салдарынан «Жұмалиева Л.Р.» ЖК-нің «ОСМП» ЖШС алдындағы қарызы жинақталған.
Мұнымен тоқтамай, Э.Көбекова «Жұмалиева Л.Р.» ЖК жұмыс жасаған мерзімде ұялы байланыс балансын толтыру үшін клиенттерден алынған ақша қаражаттарының бір бөлігін иемденіп, өз керегіне жаратқан. Сонымен Э.Көбекованың қылмыстық іс-әрекетінің нәтижесінде «Жұмалиева Л.Р.» ЖК-ге жалпы сомасы 1 млн. теңгеден астам ірі мөлшерде материалдық шығын келтірілген.
Шыңғырлау аудандық соты Э.М.Көбекованы жоғарыда көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге үкім етті.
Алайда сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескере отырып, ҚР ҚК 72-бабы 1-бөлімі тәртібімен үкімнің орындалуын баласы он төрт жасқа толғанға дейін кейінге қалдырды.