Батыс Қазақстанда алғаш рет колледж жастарынан механикаландылған жасақ құрылды

ОРАЛ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданындағы аграрлық-техникалық колледжінде құрылған «Жігерлі жастар» механикаландырылған жасағы шабындыққа аттанды.
None
None

Аталмыш колледж ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Халықаралық қайта құру және даму банкі қаржылай қолдаған «Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасына қатысып, биыл грантты жеңіп алған еді. Осы қаржыға жүк автомобилі, «МТЗ-81» тракторы, шалғы, түрен, басқа да, яғни 15 түрлі тіркеме жабдықтары алынды.

Бұл облыстың кәсіптік және техникалық білім беру саласында тұңғыш рет механикаландырылған жасақ құруға мүмкіндік берді.

Студенттер пішен дайындау үшін Қабыршақты ауылдық округінің аумағынан, аудан орталығынан 100 километр жердегі Шымқұдық күтірінде еңбек етіп, 3 мың гектар шалғынның өнімін жинайтын болады. Сөйтіп олар өздерінің теориялық білімдерін іс жүзінде нығайтады. Бұл үшін аудан әкімдігі және бастауын ауыл шаруашылығы механикаландырылған училищесінен алатын, яғни 60 жылдық тарихы бар осы колледждің инженер-педагогикалық ұжымы зор қамқорлық танытып отыр. Биыл осы кадрлар ұясынан фермер-механизатор мамандығын алатын балауса еңбеккерлер он күн сайын кезектесіп жұмыс жасайтын болады. Дайындалған шөп ең бірінші кезекте оқу орнының әлеуметтік серіктестіктері - шаруа қожалықтарына сатылады. Бұдан түскен ақша оқу орнының мұқтажына жұмсалады. Ең бастысы, балғын мамандар нағыз өндірісте шыңдалады. Салтанатқа қатысқан аудан әкімі Нариман Төреғалиев жас фермер-механизаторлардың ауыл-ел берекесін арттыратын нағыз еңбеккер болуларына тілегін арнады.

Соңғы жаңалықтар