Батыс Қазақстанда алғаш рет «Шалқар толқыны» ән байқауы ұйымдастырылды

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен аудан әкімдігінің қолдауымен Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы алғаш рет ұйымдастырған ән сайысына облыстағы 13 жас әнші қатысып, бақ сынады. Байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер патриоттық бағыттағы әндерді орындады. Көл жағасында орын тепкен Сарыөмір ауылындағы мәдениет үйінде ине шаншар орын болмады. Сайыстың екінші кезеңінде қатысушылар өз таңдауы бойынша ән шырқап, қалың көрерменнің қошеметіне бөленді.
Байқау қорытындысында Теректі ауданының жүйрігі, ең жас қатысушы Елжас Мағзом бас жүлдені жеңіп алды. Елжас - жас болғанымен, көптеген додаларда шыңдалған әнші. Соның ішінде республикалық «Музарт Life" жобасында өз өнерін көрсетіп, мамандардың жақсы бағасын алды. Жеңімпаз ән орындау шеберлігі, сахна мәдениетін жетік меңгеруі және әртістік қабілетімен ерекшеленді. Сондай-ақ Орал қаласы атынан сынға түскен Тарас Жауымбаев бірінші, тағы бір оралдық Расим Жұмағалиев пен теректілік Дамир Сатыбаев екінші, сырымдық Асылай Әбуғалиева, қаратөбелік Рүстем Ақташев және ақсайлық Гүлсезім Қуанышқалиева үшінші орынға ие болды. Зеленов ауданынан келген «Нұр-Әділ» дуэті «Көрермендер көзайымы» аталымын еншілесе, басқа қатысушылар алғысхатпен марапатталды.
Шара соңында аудан әкімі Кәрім Жақыповтың атап өткеніндей, «Шалқар толқыны» байқауын алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастырып, республикалық деңгейге жеткізу жоспарлануда.