Батыс Қазақстанда аудан әкімдері есеп беруде

Ақжайық ауданының әкімі Абай Иманғалиев тұрғындарға биылғы есеп беру кездесулерін Алғабас ауылынан бастады. Бұл - бес бөлімшесі, 38 мал қыстағы бар, яғни осылардың саны жөнінен аудан бойынша алда тұрған ауыл-аймақ.
Әкім өз баяндамасында атап көрсеткеніндей, мемлекеттің үздіксіз қамқорлығын және облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ірілендірілген үлкен ауданға күнделікті назарын халық жақсы біліп, бағалап отыр. Айталық, ауданда өткен жылы 774 жұмыс орны ашылып, 503 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарының саны алтыға жетті.
«Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының бағдарламасына сай аудан көлемінде СДМА - 450 қондырғысы арқылы 825 телефон нүктесі орнатылды, сандық стансалар бой көтерген төрт ауылдың бірі - осы Алғабас. Мұнда 19 қыстақ сымсыз терминалмен қамтылды. Таяуда «Beeline» мұнарасы да іске кіріспек.
Баяндамада А.Иманғалиев орындалған басқа да сан қырлы істерді қысқа да нұсқа жеткізе келіп, негізінен таяу кезеңдегі міндеттерге басым тоқталды, кемшіліктерді ашып айтты.
Ауданда қазір 10 дәрігер жетіспейді. Медицина саласы мамандарын даярлайтын оқу орындарында осыдан бес жыл бұрын ауданнан оқитындар саны 38 болса, қазір - 174. Осы үлкен күшті ауылға тарту да қаперден түспегені жөн. Сонымен қатар ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілген дәрігерлік амбулаториялар (оның бірі Алғабаста), медбекеттер қызметіне соны тыныс беру керек. Ауданда өткен жылы медициналық құрал-жабдық алуға 4,3 млн. теңге бөлінді, ақ желеңді жандар қатарына келген 12 дәрігер баспанамен қамтылды. Осындай жақсылықтар желісі жалғасуы үшін барлық жерде мүдделі көзқарас, мығым мақсат керек.
Сырым ауданы әкімі Ерлан Нысанғалиев Бұлан ауылдық округінде тұрғындармен кездесті.
Аудан басшысының бұландықтармен жүздесуі кезінде пікір алмасу халық пен билік арасын жақындата түскені анық байқалды. Өйткені халық көптеген шаруалардың атқарылғанын көріп, тұрмыс-тіршіліктің жеңілдей түскенін нақты сезініп отыр. Соның бір айғағындай биыл Бұлан ауылына газ тартылмақ.
Аудан орталығынан 12 шақырым жерге орналасқан Бұлан ауылдық округінде соңғы жылдары жаңа үлгіде салынған орта мектеп бой көтерген, мәдениет үйі мен фельдшерлік пункт күрделі жөндеуден өтті. Телефон байланысының жұмысы жолға қойылған. Таза су бағдарламасы мен ауылға тұщы ауызсу келді.
Шідерті өзенінің жағасындағы ауылдың көшелеріне түнгі электр шамдары орнатылған. Халық тұтынатын тауарлардың бағасы басқа округтерге қарағанда арзан.
Жиында сөз алғандар өз күштерімен шарбақтарына су тартып, бау-бақша егіп, тал-терек отырғызатындарын тілге тиек ете келе, Бұлан ауылының орталығынан саябақ ашып, онда майданнан оралмаған боздақтардың аты-жөні жазылған мәрмәр тақта орнатуға және Самара-Шымкент тас жолына қосатын 2 шақырым грейдерге асфальт төсеуге аудан әкімінің жәрдемдесуін сұрады.
Аудан, қала әкімдерінің есептік кездесулері жалғасуда.