17:45, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда азаматтық қорғаныс бойынша оқыту айлығы басталды
ОРАЛ. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында ақпанның 2-сінде азаматтық қорғаныс бойынша халықты оқыту айлығы басталды.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасы өткізетін, ақпанның 28-іне дейін созылатын айлық барысында іс-шаралар кешені болуы мүмкін төтенше жағдайларға тұрғындардың дайындығын ширатуға бағытталмақ. Өңірдегі барлық оқу орындары мен ұйымдарда нысандық жаттығулар, ашық сабақтар өткізіліп, стенділер мен плакаттар жасалмақшы. Сондай-ақ кітапханалар да өз үлестерін қосып, кітап көрмелерін ұйымдастырады.
Айлық барысында департаменттің басқару органдары мен қызметтерінің, азаматтық қорғаныс штабтары мен құрамаларының құтқару және өзге де кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге әзірлігі де тексеріледі.