Батыс Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында шаралар қолға алынып келеді
ОРАЛ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында шаралар қолға алынып келеді.
Облыс әкімдігінен түскен мәлімет бойынша бұл мәселе 2007 жылдан бастап жұмыс істейтін облыстық штабтың ұдайы бақылауына алынған.
«Казагромаркетинг» акционерлік қоғамының мониторинг мәліметтеріне сәйкес Орал қаласы бойынша негізгі тағам өнімдерін зерттеу тізбесіне енгізілген 64 өнімнің 31 бойынша баға деңгейі республикадағы орташа бағалардан төмен болды.
Орал қаласы және аудан орталықтарындағы базарларда ауылшаруашылығы өнімдерін сату жәрмеңкелері ұдайы өткізіледі. Өнімдерді өндірушілер өздері сатады, олардың бағалары базардағыдан 10-15 пайыз төмен.
Жыл басынан бері "Ел ырысы" коммуналдық базарында ауылдық тауар өндірушілер және қайта өңдейтін кәсіпорындар жеткізетін және сататын ет және көкөніс-жеміс өнімдерінің жәрмеңкелері апта сайын өткізіледі, онда бір келі сиыр етінің бағасы 900 теңге, қой еті - 850 теңге, жылқы еті - 950 теңге және шошқа еті - 750 теңге тұрады.
Өңірде азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қоры жасақталған.