Батыс Қазақстанда балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша ашық есік күні өткізілді
ОРАЛ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Тасқала ауданында балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша ашық есік күні өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық балалар құқығын қорғау департаменті ұйымдастырған шара барысында қазіргідей дағдарыс жағдайында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға нақты қамқорлық көрсетудің мәні зор екені атап көрсетілді. Департамент директоры Әли Мәсәлімовтің айтуынша, өңірде тұрмыстық жағдайы төмен 6207 отбасы бар. Осындай отбасылар балаларына тиісті жәрдем көрсетіліп келеді. Мәселен, биылғы оқу жылында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 177 балаға қайырымдылық көмегі берілген. Өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық тыйылмай отыр. Балалардың еңбек құқығын бұзуға да жол берілмеуі тиіс. Ашық есік күні барысында осындай мәселелерге назар аударылып, мамандар пікір алысты.