Батыс Қазақстанда балалардың жазғы демалысы басталды
ОРАЛ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында балаларға арналған түрлі жазғы демалыс орындары жұмыс жасауда.
Ақжайық ауданында жаз маусымында белсенді демалыспен барлық оқушының 98 пайызы, яғни 6155 ұл-қыз қамтылады деп жоспарланып отыр. Көпбалалы отбасылардан немесе жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, ІІБ-нің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі есебінде тұрғандар ерекше назарда. Қазір Шалқар көлі жағасындағы «Ақ шағала» лагері мен туризм және экология орталығының Жайық жағасындағы «Жас қыран» шатырлы лагерінің әрқайсысында - 40, «Атамекен» лагерінде (Алмалы ауылдық округі) 50 оқушы бірінші лекте тынығуда. Мектептер жанындағы лагерьлердегі шәкірттер бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда.
Жазғы демалыс маусымы табиғат аясындағы саяхат, еңбек адамдарымен дидарласу, мұражайларда болу, кітаппен достасу секілді көптеген шаралармен өтпек.
Балалар демалысы үшін Жаңақала ауданында да жағдай жасалған. Аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы бұдан бұрын екі жыл қатарынан 170 баладан үшкүндік шатырлы лагерь ұйымдастырса, биыл он кезекпен 280 баланы табиғат аясында тынықтырып әрі шынықтыруды көздеп, жұмысын бастап кетті.
Орталық директоры Алпамыс Есмағұловтың айтуынша, мақсат - балаларды табиғат аясында өзіне-өзі қызмет етуге, өз өлкесін танып, білуге, ортаны қорғап, күтуге, ұйымшылдыққа, өз бетімен әрекет етуге үйрету.
Орталық жұмысы жыл санап жақсарып келеді. Биыл жергілікті бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлініп, аудан мектептеріне біраз туристік құрал-жабдықтар алынды. Бір туристік құрамада алты адам болса, күні бүгін алты мектепте толық кешенді туристік жабдықтар бар. Бұған қосымша аудандық орталықтың өзінде сегіз шатыр, екі үлкен қайық, он суға түскенде киетін қауіпсіздік кеудешесі алынып, пайдаланылуда.
Қазіргі кезде М.Жүнісов атындағы ЖОББМ, №3 қазақ ЖОББМ, Ә.Жангелдин негізгі мектептің балалары келіп, көл жағасындағы талдар саясына шатырларын құрып, жайғасып алған.
«Шатырлы лагерьде демалу біткен соң, жоспарымыз бойынша экскурсияға шығу басталады. Өткен жылы оқушылар облыстың кейбір аудандары мен Атыраудың Сарайшық қаласына барды. Биыл облысымыздың алты ауданы мен Ақтөбе қаласына бару жоспарланды», - деді орталық директоры.