Батыс Қазақстанда Байбарақ батырдың 300 жылдығына арналған шаралар өтуде
ОРАЛ. 14 маусым. ҚазАқпарат - 14 маусым күні Ақжайық ауданы Базаршолан ауылында қазақтың ХVІІІ ғасырдағы қол бастаған батыры Байбарақтың 300 жылдығына арналған шаралар басталды.
Асты ұйымдастырып отырған «Алаша Байбарақ» қорының директоры, белгілі әнші Сағадат Рахметжановтың айтуынша, тойға келгендер 30 шақырымға аламан бәйге, ошақ бәйге (21 шақырым), қазақ күресі (түйе балуан) және басқа мәдени-спорттық шараларды тамашалайды. Бәйге, күрес жеңімпаздарына «Джип» және басқа автокөліктер, ақшалай-заттай сыйлықтар тігіліп отыр.
Байбарақ - Алаша руының ұранына айналған батыр. Өткен жылы Базаршолан ауылының күншығыс бетіндегі Байбарақ қорымында батырдың бейітіне күмбезді кесене орнатылса, биыл осы тойға орай Алматыдағы республикалық «Арыс» баспасынан арнайы жинақ шығарылды.