Батыс Қазақстанда білім нысандарын салу жалғасуда
ОРАЛ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында білім беру нысандарын салу жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, өткен оқу жылы ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қаратөбе ауданының Үшана және Сырым ауданының Бұлан ауылдарында жаңа мектептердің ғимараттары, Бөрлі ауданының Ақсай қаласы мен Қызылтал ауылында мектепке қосымша құрылыстар салынып, пайдалануға берілген болатын. Биылғы жылдың жаз айлары ішінде құрылыстары толықтай аяқталған Теректі ауданының Жайық және Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылдарындағы жаңа мектептер оқу жылына дайын. Сондай-ақ биыл Қаратөбе және Тасқала аудандарында 100 орындық интернатымен 300 оқушылық мектеп салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен Қазталов ауданының орталығында (280 орындық) және Орал қаласының «Самал» шағын ауданында (320 орындық) балабақшалар құрылысы басталды. Орал қаласының Желаев кентіндегі 140 орындық балабақша құрылысына 180,0 млн. теңге бөлініп, биыл құрылысын бастау жоспарлануда.
Өңірде соңғы жылдары мектептерді жөндеуге де ерекше көңіл бөлініп келеді. 2010 жылы білім беру мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 324,7 млн. теңге берілді (2009 жылы - 340,0 млн. теңге). 44 білім беру нысанын күрделі жөндеу жұмыстарына 2010 жылғы «Жол картасы» бағдарламасын қоса есептегенде 3401 млн. теңге қаражат қарастырылып, жұмсалуда.
Мектептерді заман талабына сәйкес пән кабинеттерімен жабдықтау жұмыстары да жүйелі түрде жалғасын табуда, атап айтқанда, мектептерді пән кабинеттерімен жабдықтаудың іс-шараларына сәйкес республика бюджеті есебінен 30 биология кабинетіне 122,9 млн. теңге, 27 мультимедия кабинетіне 149,6 млн.теңге бөлінді.
Білім ошақтарын күзгі-қысқы уақыттарда үздіксіз жұмыс жасаулары үшін қажетті 18,3 мың тонна көмір және 4,7 мың тонна сұйық отынмен қамтамасыз ету мақсатында 448 млн. теңге бөлініп, осы бағыттағы жұмыстар атқарылуда.