Батыс Қазақстанда биыл 19 елді мекенге газ жеткізу бағытында 10,9 миллиардтан астам теңге игерілмек

ОРАЛ. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл газ құбырын тарту жұмыстарына бағытталған 10925,597 млн. теңгені игеру көзделіп отыр.
None
None

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, соның ішінде жергілікті бюджеттен - 2645,597 млн., республикалық қазынадан 210 млн. теңге қарастырылса, «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік салымдары есебінен 8070 млн. теңге (53,8 млн. доллар) бөлінген болатын. Жыл аяғына дейін шамамен 22,6 мың тұрғыны бар 19 елді мекенге жалпы ұзындығы 426,6 шақырым газ құбыры жүргізілмек.

Өткен жылы Теректі және басқа аудандар ауылдарымен қатар шалғайдағы Бөкей ордасына газ жеткізілсе, биыл Сырым, Қаратөбе аудандары орталықтарына да газ құбыры тартылды. Биыл сондай-ақ Ақсай қаласы мен Бөрлі ауданының оңтүстік бөлігіндегі елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. 135,14 млн. теңгеге 14 елді мекенге газ құбыры құрылысына және 71 әлеуметтік нысанды газбен жабдықтау жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау көзделуде.

2008-2010 жылдары барлығы 49562,36 млн. теңгеге 933,1 шақырым газ құбыры тартылатын болады.

Егер 2006 жылы облыс тұрғындарының 28,2 пайызы газбен қамтылса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 78 пайызға жетіп отыр.

Соңғы жаңалықтар