Батыс Қазақстанда биыл дәнді дақылдар көлемі 574 мың гектарды құрамақ

ОРАЛ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл дәнді дақылдар көлемі 574 мың гектарды құрамақ.
None
None

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен наурыздың 31-інде өткізілген облыс әкімдігінің мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтің атап өткеніндей, жаздық дәнді дақылдар 504 мың гектар алқапқа егілетін болса, соның 369,0 мың гектары немесе 74,2 пайызы - бидай, 113,6 мыңы немесе 22,5 пайызы - арпа, 13,6 мыңы немесе 2,7 пайызы тары болмақ. Теректі ауданында өсімдік майын шығаратын зауыттың іске қосылуына байланысты майлы дақылдар егістігі 47 пайызға өсіп, 48,1 мың гектарға жеткізілмек.

Өңірде 62,7 мың тонна тұқым қоры болғанымен, 187 агроқұрылым 4,8 мың тонна тұқыммен қамтамасыз етілмеген. Көктемгі егіс жұмыстарына 2670 трактор, 4500 дән сепкіш, 900 соқа, өнімділігі жоғары 58 егіс кешені қатыспақ. Күні бүгін трактордың 81 пайызы, дән сепкіштің 78, соқаның 74 пайызы әзірленген. Осы жұмыстарды жүргізуге 12 мың тонна жанар-жағармай қажет болса, шаруашылықтарда қазір 4774 тонна жанар-жағармай бар. Облыс бойынша оператор ретінде «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС анықталып, жанар-жағармай бағасы әр литріне 58 теңге болып белгіленді, бұл - республикадағы ең төменгі баға.

Көктемгі-далалық жұмыстарды қаржыландыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-дан 1538 млн. теңге несие алуға келісімшарт жасалды. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы - 400 млн., облыстық бюджеттен - 313 млн., ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 48,2 млн. теңге қаржы тарту қарастырылып отыр.

Мәжілісте көктемгі егіс жұмыстарын мезгілінде әрі сапалы атқарудың маңызы атап көрсетіліп, соған байланысты сала басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Соңғы жаңалықтар