Батыс Қазақстанда биыл дәнді дақылдардың егістік алқабы 574 мың гектарды құрамақ
ОРАЛ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл дәнді дақылдардың егістік алқабы 574 мың гектарды құрамақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, соның 70 мыңына күздік бидай себілсе, 504 мың гектарға жаздық дақылдар орналастырылмақ. Соның ішінде 369 мың гектарға жаздық бидай егілмекші. Майлы дақыл көлемі 42 мың гектарды құраса, соның 26,6 мыңы күнбағыстың үлесінде. Сол үшін 77 тонна тұқым даярлануы қажет болса, 50 тоннаға Украинаға тапсырыс берілген.
Жалпы, өңірдің тұқымға сұранысы 53,45 мың тонна болса, іс жүзінде қамбаларға 54,21 мың тонна құйылып алынған. Соның 44,30 мыңы - жаздық бидай, 9,62 мың тоннасы - арпа, қалғаны - басқа дақылдар.
Биыл қардың мол түсуі диқандар қауымының көңілінде үміт отын ұялатып отыр.