18:31, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы үнемі бақылануда
ОРАЛ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек бағасы үнемі бақылануда. Облыстық фармацевтикалық бақылау департаментінің бастығы Сәбит Ескендіровтің айтуынша, өңірде дәрі-дәрмек саудасымен 156 дәріхана, 30 дүңгіршек, 2 орын және 26 қойма айналысады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соның басым көпшілігі «Талап» АҚ мен «Эмити Интернешнл» ЖШС үлесіне тиеді. Қаржылық дағдарысқа, өзге де себептерге сәйкес дәрі-дәрмек бағасын бір деңгейде ұзақ ұстап тұру мүмкін емес. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтикалық бақылау комитетінің талабына сәйкес жыл аяғына дейін отандық дәрілер ? 5-10, ТМД елдерінен әкелінгені ? 10-15, шетелдік дәрі-дәрмек бағасы 25 пайыздан артық өспеуі керек.
Өңірдегі дәрі-дәрмекке қатысты тендердің 90 пайызға жуығын жеңіп алатын «Талап» АҚ президенті Владимир Волковтың сөзіне қарағанда, облыс әкімдігімен арадағы меморандумға сәйкес өз дәріханаларында дәрі-дәрмек құнының шарықтап кетпеуіне кәсіпорын да мүдделі. Сонымен қатар халықтың жекелеген санаттарына дәрі-дәрмек мемлекет кепілдік берген көлемде тегін (мәселен, сусамыр, демікпемен ауыратындар, жүкті әйелдер) және 50 пайыз жеңілдікпен (жүрек, асқазан және басқа аурулар үшін) беріледі. Жалпы, «Талап» жыл аяғына дейін отандық және ТМД, негізінен Ресейден келетін дәрі-дәрмекті қымбаттатпауға күш салмақшы. Ал алыс шетелден келетін дәрі-дәрмек бағасы еуро мен доллардың құнына байланысты.