Батыс Қазақстанда «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде
ОРАЛ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы кезеңі аяқталды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы Гүлшат Молдағалиеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, іс-шара барысында 22 құқық бұзушылық анықталды. Осыған орай 10 адам қылмыстық, соншама адам әкімшілік жауапқа тартылды. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Теректі ауданының Әйтиев ауылында К. деген азамат ұсталып, тексеру кезінде салмағы 100 грамм кептірілген марихуана тәркіленді.
Жалпы, өңірде 12 дәріхана, 9 емдеу мекемесі тексеріліп, ереже бұзылғаны туралы төрт факті мәлім болды.
«Допинг» іс-шарасы барысында қаладағы ойын-сауық орындары да назардан тыс қалған жоқ. «Қазақстан» кинотеатрының аумағында азамат Г-нің автокөлігінен 2,13 грамм героин тәркіленді.