Батыс Қазақстанда экономикалық қылмыстардан келтірілген шығын 5,5 млрд. теңгені құрады

ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО прокуратурасында құқық қорғау органдары қызметінде экономикалық қылмыспен күресте заңдылықтың сақталуы мәселесі жөнінде брифинг өткізілді.

Батыс Қазақстанда экономикалық қылмыстардан келтірілген шығын 5,5 млрд. теңгені құрады

Прокуратураның баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда, биылғы тоғыз айда құқық қорғау органдары 348 экономикалық қылмысты анықтаған, бұл өткен жылғыдан (423) 17,7 пайызға аз. Бұл қылмыстардың денін облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ашқан, сондай-ақ 42-сі - ішкі істер департаменті, алтауы - кедендік бақылау департаменті, 9-ы ҰҚК департаменті үлесінде. Заңдылықтың сақталуын қадағалау барысында прокуратураның араласуымен 27 заңсыз қаулының күші жойылды.

Экономикалық қылмыстардан мемлекетке келтірілген шығын 5,5 млрд. теңгені құрады. Мұнда салықтық қылмыс (3,2 млрд. теңге) пен жалған кәсіпкерліктің (1,8 млрд. теңге) үлесі жоғары болып отыр. Тергеу барысында мемлекетке ерікті түрде 2,8 млрд. теңге ғана қайтарылған. Залалдың орнын толтыруды қамтамасыз ету үшін 181 млн. теңгенің мүлкі тұтқындалған, бұл қайтарылмаған шығынның 7,6 пайызын құрайды. Мұның бір себебі, әдетте жалған кәсіпорындар жұмыссыз азаматтардың атына тіркеледі. Мемлекет мүддесін қорғау мақсатында залалды өндіру үшін прокурорлар 75 миллионнан астам теңгеге 8 талапарыз түсіріп, ол толықтай қанағаттандырылды.