Батыс Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитіне арналған шара өткізілді
ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысының Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ғимаратында қоғамдық ұйымдардың қатысуымен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитіне арналған шара өткізілді.
Кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілек Ғабдушевтің атап өткеніндей, әлем елдерінің бетін Қазақстанға бұрған бұл оқиға еліміз үшін аса маңызды екені күмәнсіз. Осы Астана Саммитінің өтуіне үлкен көрегендік пен парасаттылық танытқан Елбасымыз Н.Назарбаевтың ақылы мен өнегесін байыптай білу де біздер үшін аса маңызды. Ағылшындық танымал саясаткер Джонатан Айткеннің «айналасына өзінше ауа райын туғызып, қалыптастырған лидерлер тегін болмайды. Өзінің саяси өмірін осы күнгі Обама мен Медведевпен бір бойлықта қажыр-қайрат танытып жүрген өмір баспалдағы - өнеге баспалдағына айналған адам ретінде ҚР Президенті Н.Назарбаев әлем саясаткерлерін қатты қызықтырады» - деуі біздің ел үшін алдын ала айтылған мақтан сөз емес. Үлкен ой елегінен өткен тұжырымды, әлемдік деңгейдегі аңғарымды айғақтайтын әділ баға бұл.
Он бір жыл бойы өтпеген Саммиттің Қазақстанда ұйымдастырылуының өзі - дұрыс таңдалған шешім. Ал оның басында еліміздің ұстанып отырған саясаты, нақтылап айтсақ: бейбітшілік, достық, ынтымақтастық жатыр. Сондықтан да ел халқы осы жиынның тектен тек өтіп жатпағанын түсінгені керек. Сондай-ақ бұл еліміз дипломатиясының ірі жеңісі, оған басшылық етіп отырған Н.Назарбаевтың көрегендік көкжиегі кеңдігінің дәлелі.
Осы ой бөлісуде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Лұқпанов, кәсіпкер Ғабдеш Найзабеков, Чапаев округі жастарының жетекшісі Меңдігүл Ғаббасова, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Сағынтай Бисенғалиев және басқалар өз пікірлерін ортаға салды. Қазақстанның саяси әлемдегі саналы қадамы құпталып, оны жан-жақты насихаттаудың жолдары баяндалды. Кітапханадағы саяси әлемді бейнелейтін әдебиеттер көрмесіне шолу жасалды.