Батыс Қазақстанда елді мекендерді газдандыруға 2,5 млрд. астам теңге бөлінді

ОРАЛ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында елді мекендерді газдандыруға биыл 2 537 531 мың теңге бөлінді.

Батыс Қазақстанда елді мекендерді газдандыруға 2,5 млрд. астам теңге бөлінді
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бұл қаржы аудан орталықтары Жымпиты, Қаратөбе, Ақсай қаласының бір бөлігі мен Бөрлі ауданының оңтүстік бөлігі, Бөкей ордасындағы Мұратсай-Орда, Жәнібектегі Ұзынкөл, Зеленовтағы Чинарев ауылдарына газ тарту жұмыстарына жұмсалмақ. Сондай-ақ Ақжайық ауданының Жайықтың сол жағалауындағы елді мекендер, Теректі ауданы Сарыөмір, Бөкей ордасының Бисен ауылын газбен қамтудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалатын болады. «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен Теректі ауданы орталығы Федоров, Подстепный ауылдарына газ құбыры құрылысы басталмақ. Облыс елді мекендерін газдандырудың 2006-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасына сәйкес өткен жылы жергілікті бюджеттен 2 262 782 мың, республикалық қазынадан 500 млн. теңге берілген болатын. Болашақта қаржы мүмкіндігіне қарай Новопавлов-Ақжайық газ құбырын тарту, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөкей ордасы, Бөрлі аудандарын газдандыруды аяқтау көзделіп отыр.