Батыс Қазақстанда «Елім менің» жастар коалициясы құрылмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жастар белсене араласуы керек. Бұл туралы Оралда «Болашаққа бағдар: жастардың жетістік жолы» атты жастар форумында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Жиынға республикалық және аймақтық жастар ұйымдары көшбасшылары, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жастарының өкілдері, ЖОО өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері, жас журналистер, атақты спортшылар мен танымал блогерлер қатысты.
null

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қанатының 2008 жылы өткен І съезінде берген тапсырмасына сәйкес «Жастар - Отанға!» лагері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Еліміздегі белсенді жастардың басын біріктіретін лагерь жұмысына 2009 жылдан бері 2 мыңнан астам адам қатысты.

Осы лагерь аясында бүгін өткен жиынға құрметті мейман ретінде қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты жастардың пікірлері мен ұсыныс-тілектерін ескерудің маңызы ерекше екендігін жеткізді. Рухани жаңғыру - біздің тарихымыз, мәдениетіміз және болашағымыз. Елбасы әлемдегі 100 үздік кітаптың мемлекеттік тілге аударылуы туралы көкейкесті мәселені көтерді. Шын мәнінде дүние жүзіне белгілі ғалымдардың аса құнды еңбектері қазақ тілінде оқитын жастар үшін қолжетімді дүниеге айналса, мұның пайдасы мол болары анық. Сол секілді Қазақстанның жаңа есімдерін анықтауды көздейтін «100 жаңа есім» жобасы бастау алды. ХХІ ғасыр - жаңа технологиялар дәуірі. Сондықтан уақыт көшіне ілесе білу керек. Қазақстанда жастардың өсуі үшін барлық жағдай жасалуда. Дегенмен қала мен ауыл жастары арасында айырмашылық бар. Мысалы, ғаламтор байланысы жетпей отырған шалғай елді мекендер бар. Қазіргі кезде ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігімен 1900 елді мекенді ғаламторға қосу жөнінде келіссөз жүргізілуде, соның 350-і - Батыс Қазақстандағы ауылдар.

Форумда сондай-ақ «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мұхтар Манкеев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру төңірегіндегі өз ойларымен бөлісті. «Рухани жаңғырусыз ел болашағын көзге елестету мүмкін емес. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жаңа жобалар қолға алынды. Айталық, «Қазақстанның тарихи жерлері» арқылы мотожорық ұйымдастырылды. 8500 шақырымды жүріп өтетін жорық қорытындысында Қазақстанның ең әдемі, туристер үшін тартымды 25 жері анықталатын болады. Сонымен қатар қазақстандық прагматизмнің жаңа үлгісін қалыптастыру үшін «Қазақстан - 2050» қозғалысына қатысып қою аз. Біздер өңірлерге шығып, жергілікті жерлерде бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Жаһандану жөнінде көп айтылуда. Жастар бұған да қатысуы керек. Сол секілді биыл ауыл және қала жастары арасындағы айырмашылықты қысқарту бағытында жаңа жоба қолға алынбақ. Шетелдік педагогтар мен «Болашақ» бағдарламасының түлектері бір-екі айға ауылдық жерлерге барып, семинар-тренинг өткізіп, тәжірибе алмасатын болады», деді М.Манкеев.

Шара барысында  облыстағы жастар ұйымдары атынан сөз алған Жәнібек аудандық «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Нұралиев өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға жастарды кеңінен тарту мақсатында «Елім менің» жастар коалициясын құруды ұсынды. Бұл ұсыныс форумға қатысушылар тарапынан қолдау тапты. 

Соңғы жаңалықтар