Батыс Қазақстанда еңбек заңнамасын бұзудың 1369 фактісі анықталды
ОРАЛ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалық етуімен әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның үшінші отырысы өтті.
Отырыста аталып өтілгеніндей, биылғы 1 маусымға дейін еңбек инспекторлары жүргізген 502 тексеріс нәтижесінде 1369 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды. Солардың ішінде қызметкерлерге еңбекақы төлемеу бойынша 141 дерек анықталып, заңды және лауазымды тұлғаларға анықталған кемшіліктерді жоюға ұйғарым берілді, сондай-ақ 2,7 млн. теңге көлемінде 43 айыппұл салынды. Сонымен қатар азаматтардың арыз-шағымдарын қарау нәтижесінде 143,1 млн. теңге жалақы қарызы өтелді.
Биылғы 1 маусымға еңбекақы берешегі 55 млн. 756 мың теңгені құрап отыр. Әсіресе, «Катеринг Интернешнл компани» 4504,0 мың теңге, «IGS CORPORATION» ЖШС 10953,4 мың теңге, «Горлифт» МКК 1,333,5 мың теңге, «БатысЖолҚұрылыс» ЖШС 15401,1 мың теңге, «Кеме жөндеу зауыты» ЖШС 1683,0 мың теңге, «Уральскгордорстрой» ЖШС 4865,0 мың теңге, «West trade company» ЖШС 4372,0 мың теңге, «Металл бұйымдары» БӨК» ЖШС 8046,0 мың теңге, «Қазавтотранс» АҚФ 4598,7 мың теңге қарыздар болып отыр.
Отырыста сондай-ақ Теректі, Бөрлі аудандарындағы осындай комиссияның, «ҚПО б.в.» компаниясы кәсіподағының қызметі, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында кадрларды даярлау, біліктілігін арттыру мәселелері қаралды.