Батыс Қазақстанда энергетика саласында алдағы үш жылға арналған инвестициялық бағдарлама жүзеге аспақшы

ОРАЛ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ 2014-2016 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырмақшы. Бұл туралы 20 желтоқсан күні энергетиктердің кәсіби мерекесіне орай өткен жиында аталмыш АҚ басқарма төрағасы - директоры Қуат Мусин мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, бұл бағдарлама энергетикалық шаруашылық жұмысының сенімділігін арттырып, техникалық ысыраптардың, пайдалану шығындарының азаюына, қамтамасыз етіп, тұтынушыларға берілетін электр энергиясының сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек. Соңғы кезде компанияның қызмет көрсету аймағы ұлғайып, жаңа энергетикалық нысандар іске қосылуда, қолданыстағы электр желілері қайта құрылымдалып, жабдықтар жаңғыртылуда. 2001 жылдан бері заманауи саймандармен жабдықталған екі қосалқы станция, қуаты 10 кВ 10 таратушы бекет, 162 трансформаторлық қосалқы станция іске қосылды. Сондай-ақ қолданыстағы 0,4-10кВ кәбілдік және әуе желілеріне қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашевтің атап өткеніндей, 2000 жылдың басында БҚО электр қуатының 90 пайызын сырттан тасымалдайтын болса, бүгінгі таңда техникалық себептерге байланысты қуаттың тек 5 пайызы ғана Ресейден алынуда. Өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Зеленов ауданында газтурбиналық және Жәнібек ауданында қуаты 6 мВт-тық станса құрылыстарын салу жөнінде облыс әкімдігімен меморандумға қол қойылған. Елбасының тапсырмасымен 2015 жылы итальяндық «Eni» компаниясымен Пойма ауылы маңынан қуаты 150 мВт-тық газ турбиналық стансасын салу жұмыстары басталады деп күтілуде. Осы жұмыстардың барлығы қуатқа деген өсіп отырған сұранысты қанағаттандырмақ.

Шара барысында саланың үздік қызметкерлеріне түрлі марапаттар табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар