19:04, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда халық санағында екі мыңнан астам адам есепшілік жұмысқа тартылады
ОРАЛ. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында алдағы халық санағында екі мыңнан астам адам есепшілік жұмысқа тартылады.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне БҚО бойынша статистика департаментінің бастығы Абай Хамзин хабарлады. Оның айтуынша, халық санағы әр азаматқа сұрақ қою, яғни сауалнама арқылы жүргізіледі. Бұл жұмысты арнайы уәкілетті, оқытылып-үйретілген қызметкерлер жүргізеді. Бұлар негізінен зиялы қауым өкілдері, сауатты мамандар, сондай-ақ араларында жұмыссыздар, үй басқармалары арқылы бөлінген адамдар, студенттер де бар. Олар әр тұрғынжайға кіріп, санақ парақтарын жауап берушінің сөзі бойынша толтырады. Халық санағына еліміздің барлық азаматы, сонымен бірге науқан кезінде республика аумағында болған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар да қатысады. Санақтың Қазақстанда тұрақты тұратын, бірақ науқан уақытында ел аумағынан тыс жерлерде болған адамдарға да қатысы бар.
Халық санағы ақпанның 25-інде басталып, наурыздың 6-сында аяқталғанымен, наурыздың 6-16-сы аралығында қайтадан аралап шығу жоспарланған. Санақ барысында жеке адамға қатысты алынған мәліметтер тек жалпылама түрде статистикалық мақсатта қолданылады. Санақшының есепке алынған азаматтардың жеке басына қатысты кез келген мәліметті өзге біреуге хабарлауына үзілді-кесілді тыйым салынады.
Халық санағы ? ұлттық маңызы зор шара. Сондықтан ол еліміздің әр азаматынан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы бағытта Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылуда.