Батыс Қазақстанда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай шаралар өткізілуде

31 мамыр күні Оралдағы облыстық балалар үйінде мерекелік шара өткізілді. Бүлдіршіндерді құттықтауға облыстық балалар құқығын қорғау департаменті, қоғамдық бірлестіктер, мекеме-ұйымдар өкілдері келді. Мейрам кезінде демеушілердің рөлі аталып өтілді. Мәселен, «Жайықмұнай» ЖШС балалар үйін абаттандыруды қолға алса, «Үміт» Орал өңірі әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі балаларды қоғамдық өмірге бейімдеу үшін түрлі шаралар өткізуде. Бұл жолы да меймандар балаларды мейрамымен құттықтап, сыйлықтарын үлестірді.
Балалар үйінің директоры Раиса Наурызованың айтуынша, балдырғандар үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Олар өздері де концерт қойып, бір серпіліп қалады.
1 маусым күні облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері жергілікті зообақта, «Орал» сауда ойын-сауық орталығында болып, қызық көреді, сондай-ақ «Сарыарқа» кафесінен тамақтанады.
Осындай шаралар облыс аудандарында да өткізілуде.