12:35, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда халықтық атағын алған өнер ұжымдары көбейді
ОРАЛ. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында халықтық атағын алған өнер ұжымдары көбейді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін осындай атақпен 36 ұжым жұмыс жасап келсе, олардың қатарына тағы үшеуі қосылды. Жәнібек ауданындағы «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблінің негізі кеңестік дәуірде қаланған болатын. Содан бері жеткен табыстары аз емес. Әсіресе, Тараз қаласында өткен І халықаралық «Ұлы Жібек жолы» фестивалінде лауреат атанып, ансамбль әншілері Мейрамгүл Дәулетқалиева «Алтын тайлақ», Шынар Қаюпова «Күміс тайлақ» арнайы сыйлықтарына ие болды. Өнер ұжымы көршілес Волгоград облысына да жиі сапарға шығып тұрады. Құрылғанына 10 жыл болған осы аудандағы «Ақмаржан» би ансамблі де ( жетекшісі Зәмзагүл Мұратова ) халықаралық додалардан табыспен оралып жүр. Ал жергілікті ұлт өкілдері аздау Зеленов ауданында «Шежіре» фольклорлық ансамблі 2001 жылы отау тіккен болатын. Ел ішінде сирек орындалатын туындыларды насихаттауда ансамбль жетекшісі Асқар Құсайыновтың еңбегі мол.