Батыс Қазақстанда Интернет желісін пайдаланушылар саны 23,8 пайызға өсіп отыр
ОРАЛ. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында тұрғындарға көрсетілген байланыс қызметінің көлемі өсіп отыр.
Облыстық статистика департаментінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы қаңтар айында тұрғындарға көрсетілген пошта байланысынан 13,5 млн. теңге, электрлік байланыстан 264,8 млн. теңге табыс түсіп, сәйкесінше өткен жылғы осы айдағыдан 14,9 және 15,5 пайызға көбейді. Мұнда телфон байланысының үлесі 35,5 пайызды құраса, Интернеттен түскен табыс 25,7 пайызға жетті.
Өңірде биылғы 1 ақпанға жергілікті желідегі негізгі телефон аппараттарының саны 133,3 мыңға жетіп, өткен жылғыдан 7,2 пайызға артса, Интернет абоненттерінің саны 27,1 мыңға жетіп, өткен жылғыдан 23,8 пайызға асып түсті.