12:32, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда қалған үш ауданды газдандыру алдағы жылы аяқталатын болады
ОРАЛ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қалған үш ауданды газдандыру алдағы жылы аяқталатын болады.
Бұл туралы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, қазіргі кезде құрылысы жүріп жатқан «Қарашығанақ-Орал» газ құбыры Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандары елді мекендерін газдандыру мәселесін шешетін болады.
Бөкей ордасы ауданындағы «Қайрат-Мұратсай», «Мұратсай-Сайқын» жоғары қысымды газ құбырлары пайдалануға берілді. Бұл екі газ құбырын «Теңізмұнайқұрылыс» және «Атыраумұнайгазсервис» ЖШС қысқа мерзімде әрі сапалы жүргізді. Биыл «Мұратсай-Орда» газ құбырын тарту қолға алынады.
Өткен жылы облыстың тоғыз елді мекеніне газ құбырын жүргізуге жергілікті бюджеттен 2 млрд. 262 млн. теңге, республикалық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінді. 156 шақырым газ құбыры тартылып, 7 мыңға жуық тұрғыны бар 9 елді мекенге газ жеткізілді.