Батыс Қазақстанда қасқыр аулау жұмыстарына 9 млн. теңге бөлініп отыр
ОРАЛ. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қасқыр аулау жұмыстарына биыл 9 млн. теңге бөлініп отыр.
Осыған қатысты өткізілген конкурстың жеңімпазы болып БҚО аңшылар және балықшылар қоғамы (басшысы Юрий Чалусов) танылды. БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл шамамен 700-дей қасқыр аулануы тиіс. Бір қасқырдың құйрығы үшін 10 АЕК (15120 теңге), ал бөлтірігінің терісіне 5 АЕК (7560 теңге) көлемінде ақы төленеді.
Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Қайрат Қадешевтің 22 ақпан күні ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, биыл жыл басынан бері өңірде 130 қасқыр ауланған. Мұның 78-і Қазталов (киік негізінен осы аумақты мекендейді) ауданының үлесіне тиеді. Қазталовпен көршілес Жәнібекте 16 түз тағысы құртылса, одан кейін Жаңақала (13), Тасқала (8) аудандары келеді.