Батыс Қазақстанда қатерлі ісік аурулары жоғары деңгейде қалып отыр
ОРАЛ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрғындардың ұлттық скринингін жалғастыру, көліктік медицинаны, жылжымалы мобильді кешендерді дамыту, кардиохирургиялық емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізу бойынша жүйелі шаралар жасалынуда.
Алайда, атқарылған іс-шараларға қарамастан, облыста қатерлі ісік ауруы жоғары деңгейде қалып отыр (100 мың тұрғынға шаққанда республика бойынша 181 адам болса, облыста - 206 адам).
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, өзекті мәселенің бірі - қауіп-қатерден туындайтын өлім-жітім көрсеткішін төмендету (100 мың адамға ел бойынша - 108 адам, облыста -103 адам).
Сондай-ақ дәрігер мамандардың жетіспеуі де - отандық медицинаның басты проблемасы. Бұл көрсеткіш 10 мың адамға республикада 31 адам болса, облыста - 26 адам.
Компьютерлік техникамен (62,6%), арнаулы автокөлікпен (26,0%), ауылдағы жедел жәрдем бригадалары мен санитарлық автокөліктерді рациямен қамту деңгейі өте төмен (51,1%). Сонымен қатар, қазір науқас адамдар үшін ауруханада емделу үлкен мәселеге айналды. Ауруды ауруханаға жатқызу үшін алдын ала тапсырыс беру қажет.
Осы олқылықтарды жою бағытында өңірде шаралар алынатын болады.