Батыс Қазақстанда қоғамдық тәртіпті сақтауға 241 жасақ қатысуда

ОРАЛ. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне полициядан басқа, 241 құқықтық бағыттағы қоғамдық жасақтар қатысуда.
None
None

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин мәлім етті.

Соның ішінде 48 «Сақшы», 6 студенттік жасақ, 40 консьерж және басқалары көпке ортақ іске лайықты үлесін қосып келеді. Олардың құрамында 2206 адам бар. Жәрдемдесушілердің көмегімен биыл 65 қылмыс ашылып, 500 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Биылдан бастап қоғамдық тәртіп сақшыларының ерікті көмекшілерін ынталандыру мақсатында 2 млн. теңге бөлінген.

Жақында Орал қалалық ішкі істер басқармасында өткен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесіне арналған кеңесте ең белсенді 142 көмекшіге ақшалай сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ облыстың «Таңдаулы учаскелік инспекторы» деп танылған қалалық тәртіп сақшысы, полиция капитаны Манарбек Өтешқалиев ІІД-ның марапат қағазы мен ақшалай сыйлыққа ие болды. «Таңдаулы полицияның учаскелік инспекторы», «Полицияның таңдаулы учаскелік орны» бай-қауының да жеңімпаздары марапатталды. Қалалық таңдаулы учаскелік орын ретінде «Омега» зауыты аймағын қамтитын №13 орын танылып, жауапты полиция капитаны Нұрбол Жалмұхамбетовке вымпел мен ақшалай сыйлық табыс етілді. Ал аудандардан Бөрлі ІІБ-ға қарасты Қанай (жауапты - аға лейтенант Самат Жаймағамбетов) және Қазталов ІІБ-ға қарасты Қазталов (жауапты - капитан Армат Есенғабылов) учаскелері де жеңімпаздар қатарынан көрініп, сый-сияпаттан құр қалған жоқ. Бұлардан басқа Орал қаласының ІІБ жанындағы қоғамдық кеңестердің төрағалары Николай Котельников, Наиль Сафарғалиев, студент жасақтарының сардарлары мен жекелеген студенттерге марапат қағазы, ал күзет құрамаларының басшыларына алғысхат берілді. Студенттік жасақтардың құрамына қайтадан қабылданған жастар қоғамдық көмекшілердің куәліктерін алды.

Соңғы жаңалықтар