Батыс Қазақстанда көктайғаққа байланысты жол жабылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда көктайғаққа байланысты жол жабылды

БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, ауа райының нашарлауына орай жергілікті сағат 19.30-дан бастап облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

"Қазақавтожол" ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша бұрқасын мен тұманға байланысты сағат 21.00-ден бастап "Самара-Шымкент" (РФ шекарасы - Орал қаласы), "Самара-Шымкент" (Подстепный ауылы - Ақтөбе облысының шекарасы), "Орал-Тасқала-РФ шекарасы" жолдары да жабылды.

Осыған байланысты тұрғындарға СМС-хабарламалар жіберілді.

ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Жәдігер Құсайыновтың айтуынша, 12 қаңтар күні осындай ескертуге қарамастан, жолға шығып кеткен бірқатар тұрғындар көліктерімен қар құрсауында қалды.

Атап айтқанда, сағат 10.00-де Тасқала-Орал жолы бойында батып қалған 5 автокөлік (13 адам) шығарылды. Оған қоса Тасқала-РФ шекарасы жолының 7-шақырымында 2 автокөлікке (10 адам) де осындай көмек көрсетілді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша 13 қаңтар күні де облыстың кей жерлерінде тұман түсіп, бұрқасын көтеріліп, көктайғақ болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14, кей жерлерде 15-20 метрге дейін жетеді.

Орал қаласында да ауа райы бұзылып тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын да өңірде тұман түсіп, көктайғақ болатыны, жолдардың жабылғаны туралы хабарланған еді.